Астанада трактор жүргізушісі полицейлерден тротуармен қашқан

Бүгін, 23:33 / Жамбыл Жайлау
видеодан скриншот

Астанада жаяу жүргіншілер жолымен кетіп бара жатқан трактор жүргізушісінің әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Бұл туралы "Астана" телеарнасы хабарлады, деп жазады turkystan.kz.

Тараған бейнежазбада көк түсті трактордың тротуармен қозғалып, полиция қызметкерлерінен қашқаны көрінеді. Қалалық полиция департаменті аталған жағдайға қатысты түсініктеме берді.

Ведомство мәліметінше, жүргізуші мас күйде болған және құқық қорғау органдарының заңды талаптарына бағынбаған. Осыған байланысты ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сот шешімімен ер адам 18 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Ал трактор коммуналдық тұраққа қойылған.

Полиция өкілдері көлікті мас күйде басқару өте қауіпті екенін ескертіп, азаматтарды жол ережесін сақтауға және құқық қорғау қызметкерлерінің талаптарын орындауға шақырды.

Тэгтер:

Астана трактор