"Жағдайымды біліп істеп отыр": Меруерт Өтекешова өзіне сый жасаған Баян Алагөзоваға жауап берді

Бүгін, 20:04 / Жамбыл Жайлау
SN.kz коллажы. Суретте: Баян Алагөзова мен Меруерт Өтекешева

Әлеуметтік желілерде продюсер Баян Алагөзова мен оның жұбайы Тұрсын Алагөзовтың қазақ киносының аңызы Меруерт Өтекешеваға жасаған сыйы қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мәліметке сәйкес, продюсер актрисаға құндыз тон тарту етіп, сондай-ақ өмірінің соңына дейін ай сайын 1 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсететінін мәлімдеген.

Ал 24KZ тілшілері Меруерт Өтекешеваға хабарласып, жағдайдың анық-қанығын сұраған. Актриса бұл жаңалықты өзі де әлеуметтік желіден естіп, таңғалғанын жеткізді. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін Баян Алагөзовамен жеке кездесіп, бетпе-бет сөйлесу мүмкіндігі болмаған.

"Бұл жаңалық мен үшін өте күтпеген жерден болды. Баянмен өмірде кездеспеген екенбіз, жеке таныстығымыз жоқ. Бірақ оның жұмыстарын сырттай бақылап, талантты продюсер ретінде құрметтеймін", – дейді Меруерт Өтекешева.

"Қыз Жібек" камзолына қатысты көпшілікті толғандырған басты сұрақтардың бірі – аңызға айналған фильмдегі бұл бұйымның Баян Алагөзоваға қалай өткендігі болды.

"Актриса бұл жөнінде өз болжамын айтты: "Фильм түсірілімінен кейін ол камзолды көрмегенмін. Киностудия жабылған кезде костюмдердің бірі костюмердің қолында кеткен болуы мүмкін. Кімнің қолында болғанынан бейхабармын. Дегенмен, сол жәдігерді 50 жыл бойы көздің қарашығындай сақтап, бүлдірмей бүгінге жеткізгені үшін алғысымды айтамын. Камзолдың Баянға берілгеніне ренжімеймін. Ол да өнер адамы, қадірін біледі. Баян оны бәрібір мұражайға тапсыратынын айтты, бұл шешіміне ризамын", – дейді актриса. 

Сонымен қатар, сұхбат барысында Меруерт Өтекешева Баян Алагөзованың бұл әрекетін өнерге көрсетілген ілтипат әрі құрмет ретінде бағалайтынын айтты.

"Құман екеуіміз өмір бойы халық үшін еңбек еттік. Бізде бизнес болған жоқ, бір жалақыға қарап жұмыс істедік. Сондықтан Баян біздің жағдайымызды түсініп, осындай ізгі ниет танытып отыр деп ойлаймын", – деді актриса.

Продюсер ұсынған сыйды қабылдау мәселесіне қатысты Меруерт Өтекешева әзірге нақты шешім білдірмеді. Оның айтуынша, бұл жөнінде түпкілікті пікір айту үшін екі тарап әлі жүздесіп, бетпе-бет сөйлесуі қажет. Соған қарамастан, халықтың сүйікті актрисасына көрсетілген мұндай құрмет әлеуметтік желіде жылы қабылданып, көпшіліктің оң пікірін туғызды. Енді жұртшылық қос өнер иесінің алдағы ресми кездесуін күтуде.

Тэгтер:

Баян Алагөзова Меруерт Өтекешева