Адамдар көрген түсін көбіне кездейсоқ, ретсіз құбылыс деп қабылдайды. Алайда жаңа зерттеу бұл көзқарасты жоққа шығарады. Ғалымдар 3 700-ден астам түс сипаттамасын талдап, түстердің мазмұны нақты факторларға тәуелді екенін анықтаған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Италиядағы IMT School for Advanced Studies Lucca зерттеушілері жүргізген жұмыс Communications Psychology журналында жарияланған. Зерттеуге 18 бен 70 жас аралығындағы 287 адам қатысып, екі апта бойы өз түстері мен күнделікті тәжірибесін жазып отырған.
Нәтижелерге сәйкес, түстерге ең көп әсер ететін екі негізгі фактор бар:
Біріншісі – адамның жеке ерекшеліктері. Күндіз ойы жиі бөлініп, әртүрлі тақырыптарға секіріп жүретін адамдардың түстері де үзік-үзік, жылдам өзгеріп отырады. Ал түске мән беретін, оны маңызды деп қабылдайтын адамдар көбіне жарқын әрі мағыналы түстер көреді.
Екіншісі – өмірлік тәжірибе мен сыртқы жағдайлар. Мысалы, COVID-19 пандемиясы кезінде адамдардың түстері мазасызданып, оқшаулану, шектеу тақырыптары жиі көрініс тапқан. Уақыт өте жағдай тұрақталған сайын бұл өзгерістер де бәсеңдеген.
Зерттеу тағы бір қызық жайтты көрсетті: түстер күнделікті өмірді дәлме-дәл қайталамайды. Керісінше, таныс элементтерді біріктіріп, өзгертіп, кейде мүлде тосын, сюрреалистік көріністерге айналдырады.
Ғалымдардың айтуынша, түс бұл жай ғана өткеннің көшірмесі емес, адамның ішкі күйі мен өмірлік тәжірибесінің «қайта өңделген» нұсқасы.
Зерттеуде жасанды интеллект технологиялары да қолданылған. Табиғи тілдерді өңдеу (NLP) әдістері арқылы түстерді талдау нәтижелері адамның бағалауымен шамалас дәлдік көрсеткен. Бұл алдағы уақытта сана, жады және психикалық денсаулықты зерттеуде жаңа мүмкіндіктер ашуы мүмкін.