Қазақстандықтардың 70 пайыздан астамы елдің даму бағытын дұрыс деп есептейді – сауалнама

Бүгін, 11:39 / Інжу Әлихан
Фото: gov.kz

Сәуір айында Қазақстанның барлық өңірін қамтыған Demoscope тәуелсіз зерттеу жобасының кезекті сауалнамасы қоғамда негізгі мемлекеттік институттарға деген тұрақты оң көзқарастың сақталып отырғанын көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сенім көрсеткіші бойынша бірінші орында – Мемлекет басшысы. Сауалнамаға қатысқандардың 61,3%-ы Президентке сенетінін білдірген, бұл өзге билік тармақтарымен салыстырғанда ең жоғары нәтиже.

Үкіметке респонденттердің 47,4%-ы сенім артқан, жергілікті әкімдіктерге – 50,2%, Парламентке – 40,5%, құқық қорғау органдарына – 46,8%, сот жүйесіне – 43,7%. Барлық институт бойынша сенім білдірушілер саны сын айтушылардан айтарлықтай басым.

Бұдан бөлек, қазақстандықтардың 72,4%-ы елдің даму бағытын дұрыс деп бағалайды: олардың 44,6%-ы «дұрыс бағытта» деп нақты жауап берсе, 27,8%-ы «көбіне дұрыс бағытта» деген пікір ұстанған. Бұл көрсеткіш кері пікірдегі азаматтар үлесінен шамамен 3,5 есе жоғары.

Сондай-ақ билік жариялаған «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы да қоғам тарапынан қолдау тапқан: қатысушылардың 55,6%-ы бұл бастама нақты істермен үндеседі деп санайды.

Сауалнама еліміздің барлық өңірінде, соның ішінде Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен барлық облыста жүргізілген. Қатысушылардың 65,8%-ы сауалнамаға қазақ тілінде жауап беруді таңдаған.