Бішкекте ШЫҰ-ға мүше елдердің қорғаныс министрлері кеңес өткізді

Бүгін, 17:00 / Інжу Әлихан
Қорғаныс министрлігі

Қырғыз Республикасы астанасында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер қорғаныс ведомстволары басшыларының кеңесі өтті. Оған ШЫҰ-ның Бас хатшысы қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Күн тәртібінде әскери ынтымақтастықты дамыту, халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл және ШЫҰ кеңістігіндегі тұрақтылықты нығайту мәселелері қаралды.

Қазақстан Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов өз баяндамасында мемлекеттің өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға, ШЫҰ аясындағы өзара іс-қимылды дамытуға және қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы бірлескен шараларды жетілдіруге қатысты ұстанымдарын атап өтті.

Іс-шара барысында қатысушылар қорғаныс ведомстволары арасындағы практикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылап, күн тәртібіндегі халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Кеңес қорытындысы бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Қорғаныс министрліктерінің 2027 жылға арналған ынтымақтастық жоспары бекітілді.