Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында ақша тонады деген күдікпен бірнеше азаматты ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Анықталғандай, 20 сәуір күні түнгі уақытта үш күдікті Ақтөбе қаласында екі қабатты тұрғын үйге басып кіріп, пәтер иелерін қорқыту арқылы 2 млн теңге көлеміндегі ақшаны ашық түрде иемденген. Үй иесінің айтуынша, аталған қаражат автокөлікті сатудан түскен.
Жан-жақты жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері куәгерлерді анықтап, осы аумақта орналасқан бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеді. Нәтижесінде күдіктілердің жеке басы анықталып, үшеуі де ұсталды.
Ұрланған қаражатты күдіктілер өз қажеттіліктеріне жұмсап үлгерген.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.