Қазақстан құрамасының ойыншысы Біржан Оразов «Қайрат» футбол клубынан кететінін мәлімдеді. 31 жастағы футболшы осы маусымды аяқтап кетпек, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Барлық жанкүйерлеріммен осы уақытқа дейін әрқашан шынайы болдым және солай қала беремін. Сондықтан бұл шешімді сіздерге өз аузымнан жеткізуді дұрыс деп санадым. Соңғы 8 жыл бойы АФК «Қайрат» сапында өнер көрсетіп, осы клубтың бір бөлшегі болдым. Клубтан кету туралы шешім қабылдадым. Бұл менің жеке шешімім. Өзіме жаңа белес, жаңа сынақ қоюды жөн көрдім. Осы жылдар ішінде бірге еңбек еткен барлық жаттықтырушыларға, медициналық штабқа, клуб басшылығына және әрдайым қолдау білдірген жанкүйерлерге шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз мен үшін әрдайым ерекше болды. Осы маусымды соңына дейін командамен бірге аяқтаймын. Алда жаңа мақсаттар, жаңа команда және жаңа жеңістер. Жақын арада жаңа парақтың куәсі боласыздар», - деп жазған ол.