Қостанай облысының Лисаков қалалық соты қарт әйелдің өз қызынан алимент өндіру туралы азаматтық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әжей өзінің ІІ топтағы мүгедек екенін көрсетіп, ай сайын 40 АЕК мөлшерінде алимент өндіруді сұраған. Ол емделуге, азық-түлікке және коммуналдық қызметтерге шығындарды жабу үшін материалдық көмек қажет екенін, ал мүгедектік жәрдемақысы жеткіліксіз екенін айтқан.
Жауапкер талапты мойындамай, анасы ата-аналық міндеттерін орындамағанын және спирттік ішімдіктерді теріс пайдаланғанын, сол себепті өзі туыстарының қолында тәрбиеленгенін көрсеткен.
Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 145-бабына сәйкес, еңбекке қабілетті кәмелетке толған балалар еңбекке жарамсыз, көмекке мұқтаж ата-аналарын асырауға және оларға қамқорлық жасауға міндетті.
Сот талапкердің денсаулық жағдайын, медициналық құжаттармен расталған ауруларын, көмекке мұқтаж екенін, сондай-ақ жәрдемақысының аз мөлшерін ескере отырып, талапты ішінара қанағаттандырды. Алимент мөлшері жауапкердің табысы мен жасын ескере отырып, ай сайын 4 АЕК болып белгіленді.