Мидың қартаюын жеделдететін өнім анықталды

Бүгін, 19:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Алкоголь ми қартаюын жеделдететін ең күшті факторлардың бірі деп аталды, деп хабарлайды turkystan.kz health.mail.ru-ға сілтеме жасап.

Оның айтуынша, этанол – тікелей нейротоксин, яғни уақыт өте келе жүйке жасушаларын бұзады. Соның салдарынан ми «жасына қарағанда тез қартаяды»: мысалы, 40 жастағы адамның МРТ көрсеткіші 60 жастағы адамның деңгейіне сәйкес келуі мүмкін.

Әсіресе гиппокамп қатты зардап шегеді. Бұл – жады мен эмоцияны реттейтін маңызды бөлік. Алкогольдің әсерінен есте сақтау қабілеті төмендеп, эмоциялық тұрақтылық әлсірейді.

Сонымен қатар мидың ақ заты да бұзылады. Ол ми бөлімдері арасындағы сигналдарды жеткізуге жауап береді. Оның зақымдануы реакцияның баяулауына, қозғалыс үйлесімінің нашарлауына және бір уақытта бірнеше істі атқарудың қиындауына әкеледі. Мұндай өзгерістер адам ішімдік ішпеген кезде де байқалуы мүмкін.

Зерттеулер көрсеткендей, күн сайын аз мөлшерде алкоголь (мысалы, бір бокал шарап немесе бір бөтелке сыра) тұтынатын адамдарда 5–6 жыл ішінде ақ заттың тұтастығы 15–20% төмендейді.

Маманның айтуынша, бұл жағдай тамырлық деменция даму қаупін арттырады. Бұл – миға қан жеткізілуінің бұзылуынан туындайтын, ойлау мен есте сақтау қабілетінің нашарлауына әкелетін ауру.

Қысқасы, алкоголь миды көзге көрінбей «тоздырады». Оның әсері бірден байқалмауы мүмкін, бірақ уақыт өте келе салдары айқын сезіледі.

Тэгтер:

ми қартаю