Елордадағы №111 жалпы білім беретін мектептің One-eleven командасы Анталияда өткен Fibonacci Eurasia Robot Olympiad (FIRO 2026) халықаралық олимпиадасының жүлдегері атанды. FOOTBOT LEGO LEAGUE категориясында оқушылар қазылардың Judges' Award арнайы жүлдесін иеленді. Аталған жүлде инженерлік шешімдер, жобаның әлеуеті мен жүзеге асыру сапасы үшін беріледі.
Сайысқа 20 шақты елден келген жүздеген команда қатысты. Қатысушылар көп болғандықтан бәсекелестік те жоғары болды. Турнир робототехника саласындағы маңызды алаңдардың біріне айналды. Қазақстан делегациясы ең ірі командалардың бірі болды. Осылайша олар қушылар арасында STEM-бағыттарға және инженерлік әлеуетті дамытуға деген қызығушылық жоғары екенін көрсетті.
One-eleven командасының құрамында сынға түскен 7-сынып оқушылары Салауат Табарак пен Нұржан Мұрат тәлімгер Ерлан Бадиловтың жетекшілігімен жұмыс істеді. Мектеп директоры Данара Жомартова жұмыстың толық инженерлік цикл бойынша жүргенін жеткізді.
«Қатысушылар роботты әзірлеу, жинау және бағдарлама жасақтаумен айналысты, сондай-ақ оның сайыстағыдай жағдайда жұмыс істеуін тестілеуден өткізді», – дейді ол.
Мұндай тәсіл командаға сайыс барысында жақсы нәтижеге қол жеткізуге көмектесті.
Бұл сайыста қолдау да маңызды рөл атқарды. Негізгі қатысушылардың бірі – Салауаттың қатысуына «Alem Qutylys AQ» компаниясы көмектесті. «Alem Qutylys AQ» компаниясы технологиялық бағыттағы BI Group холдингінің құрамына кіреді. Аталған компания әлеуметтік қызметінің аясында білім беру саласы мен жастардың инженерлік дағдыларын дамытуда бастамашылық жасап келеді.
«Біздің компания №111 мектепті 2024 жылы салды. Біз күні бүгінге дейін мектеп басшылығымен, оқушылармен жақсы қарым-қатынастамыз. Біз үшін мұндай білім беру саласындағы жобалар мен инженерлік жобаларға қолдау көрсету – ел болашағының технологиялық дамуына құйған инвестиция. Қазір робототехникамен, инженерлік жобалармен жұмыс істеп жүрген оқушылар күні ертең ел экономикасын айқындайтын кадрлар болмақ», ‒ деді «Alem Qutylys AQ» компаниясының бас директоры Әлібек Омаров.
Данара Жомартованың айтуынша, әр қатысушының үлесі қорытынды нәтижеде шешуші рөл атқарды. Салауат жобаның негізгі инженерлік бөлігіне – роботты жинауға және механикасын құрастыруға, сондай-ақ оны сайыста оңтайландыруға жауапты болды. Сайыс кезінде ол техникалық ақауларды жедел жойып, конструкцияны тапсырма шарттарына бейімдеп отырды.
«Оның шешімдерінің арқасында команда тапсырмаларды тұрақты орындап, жүлделі нәтижеге жету үшін қажетті ұпайды жинай алды», – деді директор.
Ол сондай-ақ, сырттан қолдау көрсетілмесе Салауаттың сайысқа қатысуы қиын болғанын да, бұл жағдайдың команданың дайындығы мен сайысқа қатысуын қиындатуы мүмкін болғанын да айтты.
Сайыс қорытындысы бойынша, үздік командалар өз жобаларын Римде өтетін әлемдік кезеңде көрсету мүмкіндігіне ие болды. Оқушылар үшін бұл – жаңа деңгейге шығу, халықаралық қауымдастықпен тәжірибе алмасу, инженерлік саладағы дамуды жалғастыру мүмкіндігі.
One-eleven командасының тарихы жүйелі дайындықтың, қатысушылардың жеке еңбегінің, уақытылы қолдаудың оқушыларға халықаралық аренада нәтижеге жетуге мүмкіндік беретінін көрсетеді.