Батыс Қазақстанда 200-ден астам мал қырылып қалды

Бүгін, 07:53 / Нұрлан Әлинұр
Фото: kazinform

Батыс Қазақстан облысында Бөкей ордасы, Жәнібек, Жаңақала және Казталов аудандарында ірі қара арасында мал ауруы тіркелді, деп хабарлайды turkystan.kz kazinform-ға сілтеме жасап. 

БҚО ветеринария басқармасының басшысы Абзал Бралиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, 22 ауылдық округте (130 шаруа қожалығы, 69 жеке тұлға) ветеринариялық мамандармен ауру жануарларға емдеу іс-шаралары жүргізілуде. 
Абзал Серікұлының сөзіне қарағанда, ауру киік жүретін жерлерден шығып отыр. 22 ауылдық округте 40 мыңнан астам ірі қара болса, 5 484 басынан немесе 15 пайызынан ауру белгілері анықталды. Күні бүгінге дейін соның 3 732-сі немесе 68 пайызы емделіп жазылды.

Емдеу іс-шараларын жүргізуге ветеринарлық станция мамандарына шаруа қожалықтарының өздері де көмектесуде. Өкінішке қарай, ауру салдарынан 217 бас ірі қара өлім-жітімге ұшыраса, соның 189-ы – бұзау. 11 қой бар. Өлімнің себептері әр түрлі, тек ауруға байланысты деп айтуға болмайды. Сынама алынғанмен, қорытындысы әзірге келген жоқ. Сонымен қатар қыстан нашар шыққан, көтерем малдар да өліп жатыр. Оған қоса бұзауларды сойғызып қарағанда, кейбіреуінің ішінен пакет, жіп шықты, - деді А.Бралиев. 

Басқарма басшысының айтуынша, биыл облыс бойынша малды 12 аса қауіпті ауруға (сібір жарасы, қарасан, пастереллез, аусыл, құтыру, нодулярлы дерматит, маңқа, түйе обасы, ұсақ малдың күл ауруы, жоғары патогенді құс тұмауы, туберкулез) қарсы вакцинациялау жоспарланған. Оның ішінде сібір жарасы, аусыл ауруларына қарсы түгелдей егіледі. Сондай-ақ қазіргі уақытта киік арасында пастереллез ауруының тіркелуіне байланысты оңтүстік аудандардың ауыл шаруашылығы жануарларын осы дертке қарсы 100 пайыз егу көзделуде. 

Қазіргі таңда облысқа ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті тарапынан 4,5 млн доза ветеринариялық препараттар жеткізілді. Күні бүгінге бекітілген жоспарға сәйкес облыс бойынша 3,2 млн бас мал вакцинацияланды. Оның ішінде 421 334 бас мал сібір жарасына, 1 млн 822,921 мыңы аусыл, 220 мың 901-і пастереллез ауруына қарсы егілді, - деп қосты А.Бралиев.