Астана қаласындағы №99 орта мектепте заманауи технологиялармен жабдықталған, оқу процесін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған инновациялық білім беру кеңістігі ашылды. TopIQ Smart Class пилоттық жобасы Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен енгізіліп отыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ашық сабақ барысында жаңа жүйенің мүмкіндіктерімен танысты. Сабақта инновациялық сыныптың негізгі функциялары мен білім беру процесіндегі практикалық әлеуеті көрсетілді.
TopIQ Smart Class – өзара байланыста жұмыс істейтін смарт үстел, смарт парталар мен смарт тақтадан тұратын біртұтас цифрлық экожүйе. Жүйеде оқу процесін автоматтандыруға және оны әр оқушының білім деңгейі мен жеке ерекшелігіне қарай бейімдеуге мүмкіндік беретін жасанды интеллект технологиялары да қолданылады. Мұның бәрі тиімді, интерактивті әрі дербес білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Аида Балаева білім беру процесіне инновациялық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын енгізу мәселесіне жан-жақты әрі байыппен қарау қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, ең алдымен мұндай шешімдердің балалардың білім сапасына әсері ескерілуі тиіс.
«Мұндай ойын және цифрлық форматтардың оқу процесіне қалай ықпал ететінін нақты түсіну маңызды. Дәстүрлі оқыту жүйесі де өз мәнін сақтауы керек. Пәндерді оқытуда сараланған тәсіл қолданылып, әр баланың жеке ерекшелігі ескерілуі қажет. Ұстаздың басты міндеті – тек білім беру ғана емес, сонымен қатар тұлға қалыптастыру, жауапты әрі лайықты азамат тәрбиелеу. Осыған байланысты мұндай технологиялардың артықшылықтары мен ықтимал тәуекелдеріне кешенді талдау жүргізу маңызды», – деді Үкімет басшысының орынбасары.
Инновациялық сынып 25 смарт партамен жабдықталған. Әр парта оқушыға жеке цифрлық жұмыс кеңістігін ұсынады. Оқушылар осы құрылғылар арқылы электронды оқулықтармен жұмыс істеп, тапсырмалар орындайды, музыкалық аспаптарды меңгереді, сондай-ақ 3D сурет салу және модельдеу дағдыларын дамытады.
Жасанды интеллект жүйесі оқушылардың үлгерімін талдап, олардың дайындық деңгейіне қарай тапсырмаларды автоматты түрде бейімдейді. Ал, педагог смарт үстел арқылы әр оқушының жұмысын нақты уақыт режимінде бақылап, оқу қарқынын реттей алады және қажет кезде қолдау көрсетеді. Сонымен қатар AI негізіндегі аналитикалық деректер әр баланың оқу динамикасын объективті бағалауға мүмкіндік береді.
Смарт тақта сабақтарды толық интерактивті форматта өткізуге жол ашады. Оның көмегімен оқу материалдарын цифрлық форматта сақтап, қайта пайдалануға, сондай-ақ ойын және жарыс элементтері бар сабақтар ұйымдастыруға болады.
Жоба заманауи интерактивті білім беру ортасын қалыптастыруға, білім сапасын арттыруға және жаңа буынның цифрлық құзыреттерін дамытуға бағытталған.