Атырау облысы әкімінің орынбасары каратэден әлем чемпионы атанды (ФОТО)

Бүгін, 20:37 / Жамбыл Жайлау
gov.kz. Суретте: Марат Мұрзиев

Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мұрзиев шотокан каратэден әлем чемпионы атанды. Байрақты бәсеке Стамбұл қаласында өтті, деп turkystan.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Марат Мұрзиев 45-54 жас санатында WSF нұсқасы бойынша өткен әлем чемпионатында (Shobu Ippon Kumite Open) өнер көрсетіп, жарысты бірде-бір жеңіліссіз аяқтады. Sportdata жүйесіндегі мәліметке сәйкес, ол барлық жекпе-жекте айқын басымдықпен жеңіске жеткен.

Алғашқы кездесуде қазақстандық спортшы Ұлыбритания өкілі Майк Линчті 2:0 есебімен ұтса, келесі кезеңде де қарсыласынан дәл осындай есеппен басым түсті. Жартылай финалда түркиялық спортшымен кездесіп, тағы да 2:0 нәтижесімен жеңіске жетті.

Финалда Кот-д’Ивуар елінің өкіліне қарсы татамиге шығып, сенімді ойын көрсетіп, қарсыласынан басым түсіп, әлем чемпионы атағын иеленді.

Айта кетейік, чемпионатқа Түркия, Әзербайжан, Ұлыбритания және Африка елдерінен спортшылар қатысқан. Ал Марат Мұрзиев 2023 жылдың сәуір айынан бері Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келеді.

Тэгтер:

каратэ Марат Мұрзиев