"Ерекше жаңалықты бөліскім кеп тұр": Димаш Құдайберген қуанышты хабарын айтты (ВИДЕО)

Бүгін, 20:15 / Жамбыл Жайлау
instagram.com/kudaibergenov.dimash. Суретте: Димаш Құдайберген

Әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген шығармашылық жолында жаңа кезеңді бастап, алғаш рет продюсерлік қызметке кірісті. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында ресми түрде хабарлады, деп жазады turkystan.kz.

Әншінің алғашқы продюсерлік жобасы – Қытайдағы Voice Beyond Horizon байқауының жеңімпазы Нұржас Садырбаев. Жас орындаушы енді Димаштың тікелей қолдауымен кәсіби деңгейін арттырып, халықаралық сахнаға шығуға мүмкіндік алмақ.

Димаштың айтуынша, ол Нұржасты өзінің шығармашылық қамқорлығына алып, оның музыкалық бағытта қалыптасуына белсенді түрде ықпал етпек. Әнші 15 жылға жуық уақыт бойы әлемдік сахналарда жинаған тәжірибесін енді жас таланттарды тәрбиелеуге бағыттайтынын жеткізді.

"Достар, бір жаңалықпен бөліскім келіп отыр: Hunan TV арнасындағы "Voice Beyond Horizon" жобасының алғашқы жеңімпазы – Нұржас Садырбаевты продюсері есебінде қарамағыма алдым. Мен 15 жылға жуық мансабымды халықаралық байқаулардан бастап әлем бойынша жеке концерттерге дейін әртіс ретінде ұзақ жолдан өттім. Енді сол тәжірибеммен бөлісіп,еліміздің атынан Азиядан Америка құрлығына дейінгі әлемдік ареналарда өнер көрсететін әртіс дайындайтын кез келді! Осы жолдағы басты күшіміз – біздің қолдауымыз бен бірлігіміз. Бүгін студиядағы бірлескен жұмысымыздың көрінісін алғаш рет ұсынғалы отырмын.Ән ресми түрде алдағы аптада жарық көреді", – деп жазды ол.

Айта кетейік, бұған дейін Нұржас Садырбаев дәл осы халықаралық жобада топ жарып, көрермен мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған еді.

Тэгтер:

әнші Димаш Құдайберген Нұржас Садырбаев