Ағадыр кентінде сәби екінші қабаттың терезесінен құлап кетті. Оқиға 26 сәірде болған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алдын ала мәліметтер бойынша, 2024 жылы туған бала ересектердің қарауынсыз қалып, тұрғын үйдің терезесінен құлаған. Зардап шеккен бала жедел түрде медициналық мекемеге жеткізіліп, кейін Қарағандыдағы көпсалалы облыстық балалар ауруханасына политравмамен жатқызылды.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, баланың жағдайы тұрақты, қажетті медициналық көмек көрсетілуде.
Мұндай оқиғалар жаз мезгілінде ең алаңдатарлық мәселелердің бірі болып қала береді. Бұл жағдай өңірде жыл басынан бері тіркелген алтыншы осындай оқиға болды.
Балалар бар пәтерлердің терезелеріне арнайы қорғаныс құрылғыларын орнату, сондай-ақ бала өздігінен аша алмауы үшін терезе тұтқаларын бұғаттау маңызды. Ешқашан масаға қарсы торларды қауіпсіздік құралы ретінде пайдаланбаңыз және жиһазды терезеге жақын орналастырмаңыз.