"Ғажайып": Чернобыльдегі керқұландар радиацияға бейімделді

Бүгін, 19:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: euronews.com

Адамға әлі де қауіпті саналатын Чернобыль аймағында табиғат қайта жанданып жатыр. 1986 жылғы Чернобыль апаты салдарынан бос қалған аумақта бүгінде жабайы жануарлар еркін тіршілік етуде, деп хабарлайды turkystan.kz euronews.com-ға сілтеме жасап.

Солардың ішінде ерекше назар аудартқаны – Пржевальский жылқысы. Бұл жылқылар Чернобыль аймағына 1998 жылы тәжірибе ретінде жіберілген болатын. Бір кездері жойылып кету қаупінде тұрған бұл түр қазір радиация деңгейі жоғары аумақта өмір сүріп қана қоймай, бейімделіп үлгерген.

Ғалымдардың айтуынша, бұл – «шағын ғажайып». Адамдар кеткен соң табиғат өздігінен қалпына келе бастаған: ормандар қайта өсіп, жолдарды басып қалған, ал қасқырлар, аюлар, бұғылар мен сілеусіндер саны артқан.

Пржевальский жылқылары да жаңа ортаға күтпеген түрде бейімделген. Бақылау камералары олардың қараусыз қалған үйлер мен қораларды паналап, суықтан және жәндіктерден қорғанатынын көрсеткен. Олар шағын топтармен өмір сүреді – бір айғыр, бірнеше бие және құлындардан тұратын үйірлер.

Бұл түр 1969 жылы табиғатта жойылды деп жарияланған еді. Кейін тек зообақта сақталып, қолдан көбейту арқылы қайта қалпына келтірілді. Бүгінде әлемде шамамен 3 мыңға жуық Пржевальский жылқысы бар.

Тэгтер:

радиация Керқұлан Чернобыль