Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи мұрасына арналған республикалық конференция өтті

Бүгін, 16:05 / Інжу Әлихан
Түркістан облысы әкімдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтай отырысында «Түркістанды Ясауисіз елестету мүмкін емес. Әйгілі ғұлама тұтас түркі дүниесінде ислам дінінің орнығуына зор үлес қосты. Ясауиден бастау алатын қазақ жеріндегі рухани сабақтастық қазірге дейін үздіксіз жалғасып келеді. Осы орайда ғұламаның еңбектерін жан-жақты зерттеп, дәріптеу маңызды» деп, ғұламаның мұраларын зерттеп, дәріптеуді тапсырған болатын.  Маңызды тапсырма аясында Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» «Қожа Ахмет Ясауи және оның рухани мұрасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жоғары деңгейде өтті. Іс-шараны Түркістан облысының әкімдігі ұйымдастырды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Конференцияның негізгі мақсаты – Қожа Ахмет Ясауи ілімін жан-жақты зерделеу, оның рухани мұрасын қазіргі қоғамда насихаттау және жастар тәрбиесінде тиімді пайдалану.  Ауқымды жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, дінтанушы ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдері, зиялы қауым қатысты.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров конференцияға арнайы қатысып, Түркістан мен Ясауи егіз ұғым екеніне тоқталды.

– Түркістан – күллі түркі әлемінің рухани астанасы. Ұлы Жібек жолының бойындағы бұл қасиетті мекен – ұлттық жадымыздың ордасы. Осындай киелі топырақта Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың ізі қалғаны – біз үшін зор мақтаныш. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бізге ойшылдарымыз бен ғалымдарымыздың мұрасын терең зерттеуді тапсыра отырып, Ясауи, «Әл-Фараби және Абай ілімдерін жан-жақты дәріптеу қажеттігін атап өткен болатын.  Биыл алғаш рет Республика күні қарсаңында «Қожа Ахмет Ясауи», «Мейірім», «Әл-Фараби» ордендерін табыстау туралы шешімнің қабылдануы – осы мұраны ұлықтаудың айқын көрінісі. Қожа Ахмет Ясауи  бабамыз – түркі дүниесінің кемеңгер тұлғасы.  Оның даналыққа толы хикметтері ғасырлар бойы халықтың рухани бағдаршамына айналып келеді. «Диуани хикмет» еңбегі – адамгершілік пен әділдікке үндейтін терең философиялық туынды. Ясауи мұрасы тек діни іліммен шектелмей, түркі дүниесінің әдебиеті мен мәдениетіне де зор ықпал етті. Оның ілімі – бірлікке, ізгілікке, адамзаттық құндылықтарға үндейтін әмбебап рухани мұра. Бүгінгі жиын ұлы баба идеяларын қазіргі қоғаммен сабақтастыруға мүмкіндік береді. Ортаға салынған ғылыми тұжырымдар жас ұрпақтың рухани тәрбиесіне зор үлес қосады деп сенемін. Түркістан – ұлт бірлігі қалыптасқан киелі мекен.  Бұл жерде қазақтың хандары мен билері, батырлары мәңгілік тыныс тапқан. Ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер осында қабылданған. Бүгінде біз осы тарихи және рухани сабақтастықты сақтай отырып, Түркістанның туристік және рухани әлеуетін дамытудамыз. Облыста тарихи мұраларды жаңғырту, мәдени туризмді дамыту бағытында нақты жобалар жүзеге асып жатыр. Бұл ретте, Ясауи ілімін зерттеу және жастар арасында кеңінен насихаттау – уақыт талабы.  Себебі, жаһандану дәуірінде ұлттық руханиятты сақтау мен дамыту – ел болашағының кепілі. Ұлы тұлғаларымыздың мұрасын терең зерттеп, оны әлемдік деңгейде танытып жүрген ғалымдар мен зиялы қауымға шынайы алғысымды білдіремін, – деді Нұралхан Көшеров.

Конференцияда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай Тағанұлы сөз сөйлеп, қазақ қоғамында рухани тұрақтылық пен діни құндылықтарды сақтауда дәстүрлі исламның маңызды екенін атап өтті. Қожа Ахмет Ясауидің тарихи орны мен оның рухани мұрасы туралы ой қозғады. Ал Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті профессоры, теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай «Иасауи тұлғасы және тарихи мәні» тақырыбында баяндама жасап, Ясауи мұрасын дәріптеу мәселелерін талдады.

ҚМДБ Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры, қауымдастырылған профессор Төрәлі Қыдыр «ТәжҰҒА Шығыс қолжазбалар қорындағы «Диуани хикметке» қатысты қолжазбаларды кодикология-мәтінтанулық тұрғыдан зерттеу нәтижелері» тақырыбында баяндама жасап, тың деректерді бөлісті.

Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің Өңірлік жұмыс және ішкі үйлестіру басқармасының басшысы Айбар Әбілов Ясауи мұрасы – ұлтымыздың байлығы екенін айтса, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты «Түркология» ғылыми-зерттеу институтының директоры, PhD доктор, доцент Халил Четин «Ахмет Ясауи дүниетанымындағы ұлттық және рухани құндылықтарды сақтау» тақырыбында баяндама жасады. ХҚТУ-дың «Теология» факультетінің доценті, PhD докторы Мұхит Төлеген «Қожа Ахмет Ясауидің рухани ілімі мен мұраларын оқыту мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, рухани мұраны білім беру жүйесіне енгізудің маңызын атап өтті.

Конференцияда Ясауи мұрасын насихаттау, оны білім беру мен қоғамдық санада кеңінен қолдану бағытында нақты ұсыныстар айтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.