Жапон жазушысы Харуки Мураками алғаш рет басты кейіпкері әйел болатын романын жарыққа шығармақ. «Кахоның оқиғасы» («История Кахо») атты жаңа кітап 3 шілдеде жарық көреді. Бұл туралы The Guardian хабарлады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұған дейін жазушы шығармаларындағы әйел образдары үшін сынға ұшыраған еді. 2004 жылы The Paris Review журналына берген сұхбатында Мураками әйелдерді «болашақ әлемнің хабаршылары, медиумдары» деп сипаттаған болатын.
Жаңа романның басты кейіпкері – 26 жастағы жазушы Кахо. The New York Times газетіне берген сұхбатында автор оны «өте қарапайым, ерекше әдемі де, аса ақылды да емес қыз» деп сипаттайды. Алайда оның өмірінде көптеген тосын оқиғалар болады.
Мураками үшін әйел кейіпкердің атынан жазу – жаңа тәжірибе. «Мен сол кейіпкерге айналдым», – дейді жазушы. Оның айтуынша, бұл шығарма бұрынғы еңбектеріне қарағанда әлдеқайда оптимистік сипатта.
«Кахоның оқиғасы» – 77 жастағы Муракамидің 16-романы. Оның шығармалары 50-ге жуық тілге аударылған, ал өзі әдебиет бойынша Нобель сыйлығына үміткер болуы мүмкін қаламгердің бірі ретінде жиі аталады.