Жаңалықтар

Украина мамырдың соңына дейін зейнетақы реформасын қабылдауы тиіс

ашық дереккөзі

Украина мамырдың соңына дейін зейнетақы реформасын қабылдауы тиіс

Украина жаңа зейнетақы реформасын мамыр айының соңына дейін қабылдауы тиіс, – деп хабарлайды 24.kz арнасы. Халықаралық валюта қоры жергілікті билікке осындай талап қойып отыр. Енді алдағы күзде зейнеткерлерге берілетін ай сайынғы төлемдер екі есе өсуі мүмкін. Украинадағы зейнеткерлердің саны 12 миллионды құрайды. Олардың 80 пайызы кедейшілік шегінен төмен өмір сүреді. Ай сайын алатын зейнетақысы 15 мыңнан аз. Енді алдағы күзде зейнеттегі азаматтарға берілетін төлемді 50 долларға дейін көбейту жоспарланып отыр. Алдымен ұлғайтылған соманы құрметті демалысқа 2012 жылға дейін шыққандар алады. «2012 жылдан бастап төлемдерді индекстеу жүргізілген жоқ. Ал сол уақыттан бері орташа жалақы үш есе өсті. Зейнетақының еңбекақыға тікелей байланысты екенін білеміз. Енді әлеуметтік әділдік орнату уақыты келді. Егер азамат құрметті демалысқа 2010 жылы шығып, еңбек өтілі 35 жыл болса, оған белгілі бір көлемде төлемдер белгіленген. Ал дәл осындай жұмыста, дәл осындай қызметте еңбек етіп, 2016 жылы зейнетке шыққан адамның зейнетақысы екі есе үлкен. Өйткені, оның жалақысы зейнетке дейін көп болса керек», – дейді Украина әлеуметтік саясат министрі Андрей Рева. Жаңа реформаның тағы бір түртіп айтар тұсы бар. Үкімет жұмыс істеп жүрген зейнеткерлерге қойылған шектеуді алып тастауға уәде беріп отыр. Бүгінде екі қолға бір күрек тапқан зейнеттегі азаматтар ай сайынғы төлемнің 15 пайызын «еңбек етуге мүмкіндік берілгені үшін» деген себеппен мемлекетке қайтаруы тиіс. Бүгінде украиналықтарды «зейнетақы жасын көбейте ме» деген сұрақ алаңдатып отыр. Үкіметтегілер «жаңа реформада мұндай норма қарастырылмаған» дейді. Өйткені Зейнетақы қорының қазынасын ұлғайтудың басқа жолдары бар. Қазір бюджеттегі дефицит - жарты миллиард доллар. Үкімет жеті жылдан кейін Зейнетақы қорының тапшылығы жойылады деп болжап отыр. Ал сарапшылар бұл тек бизнеске қолайлы жағдайлар жасалып, ел экономикасы дамыса ғана мүмкін болатындығын алға тартуда.