Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Мадридтегі ATP 1000 «Мастерс» турнирін жұптық сында жалғастыруға мүмкіндік алды.
Александр австралиялық Марк Полманспен тізе қосып, алғашқы айналымда Бразилия тандемі Орландо Луж бен Рафаэль Матосты қапы қалдырды. Үш сетке созылған тартысты кездесу 6:3, 6:7 (4:7), 10:6 есебімен отандасымыздың пайдасына шешілді. Ширек финал жолдамасы үшін Бублик пен Полманс жұбы турнирдің 5-ракеткалары – Марсело Аревало (Сальвадор) және Мате Павичке (Хорватия) қарсы тұрады.
Айта кетейік, бұған дейін Александр Бублик Мадрид додасының жекелей сынында жолы болмай, грек теннисшісі Стефанос Циципастан 2:6, 5:7 есебімен жеңілген болатын. Осылайша, Қазақстан көшбасшысы енді бар назарын жұптық бәсекеге аудармақ.