Бүгін Астана қаласында жыл сайын өткізілетін төртінші қайырымдылық Run for Autism жүгіру жарысы өтті. Жиналған 42 млн теңгеден астам қайырымдылық қаражаты аутизмі бар және өзге де менталдық бұзылыстары бар жасөспірімдер мен ересектерді кәсіби оқытуға бағытталады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Іс-шараны Bolashak Charity серіктестердің қолдауымен ұйымдастырды.
Жарыстың мақсаты – қоғамның аутизм туралы хабардарлығын арттыру, аутизмі бар адамдардың өмір сапасын жақсарту, олардың әлеуметтенуі мен өзін-өзі басқаруға жағдай жасау, сондай-ақ инклюзияны дамыту.
Іс-шара аутизм мәселесі туралы ақпараттандыру айына орайластырылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дерегіне сәйкес, аутизм шамамен әрбір 100 баланың бірінде кездеседі, ал әлемде аутизм спектрінің бұзылыстары бар адамдар саны 75 миллионнан асады. 2026 жылғы 1 сәуірдегі ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда АСБ диагнозымен динамикалық бақылауда 18 153 адам тұр, оның 17 713-і — кәмелетке толмағандар (97,5%). Халықаралық сарапшылар мен қоғамдық ұйымдардың деректеріне сәйкес, Қазақстандағы АСБ бар балалар саны ресми көрсеткіштен едәуір жоғары болып, 35 мыңнан асуы мүмкін. Елордада АСБ диагнозымен 4 368 адам тіркелген, оның 4 232-сі — балалар (96,8%).
Run for Autism — аутизмді зерттеуді қолдауға қаражат жинауға бағытталған халықаралық бастама. Қазақстанда Run for Autism жүгіру жарысын Bolashak Charity қоры алғаш рет 2023 жылы өткізді. Үш жыл ішінде жарыстарға 6 443 адам қатысып, 42 348 444 теңге қайырымдылық қаражаты жиналды. Осы қаражатқа Астана қаласы мен Қостанай облысы аумағындағы балабақшаларда, мектептерде және колледждерде 25 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды.
Жарыс төрт қашықтық бойынша өтті: 1 км, 2,5 км, 5 км және 10 км. Қатысу құны 8 990 теңгеден 11 990 теңгеге дейін болды. Барлығы қайырымдылық жүгіру жарысына 26 қаладан 5 000 адам қатысты: Ақтөбе, Ақтау, Алматы, Астана, Атбасар, Атырау, Аягөз, Балқаш, Ерейментау, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Семей, Степногорск, Талдықорған, Тараз, Теміртау, Түркістан, Орал, Өскемен, Шахтинск, Шымкент, Екібастұз.
Жарысқа даму ерекшеліктері бар 100-ден астам адам қатысты (аутизм, Даун синдромы, церебралды сал ауруы, есту қабілеті бұзылған спортшылар, тірек-қимыл аппараты бұзылған жандар және т.б.). Онлайн жүгіру жарысына Қазақстанның 30 қаласынан, сондай-ақ Ұлыбритания мен Ресей елдерінен 140 адам қатысты.
Іс-шара аясында дәстүр бойынша аутизмі бар және өзге де даму ерекшеліктері бар балаларға арналған «Көңілді старттар» спорттық-ойын эстафетасы өткізілді. Оған аутизм, Даун синдромы, церебралды сал ауруы, психикалық және сөйлеу дамуының тежелуі, дислексиясы бар 5 пен 14 жас аралығындағы шамамен 180 бала қатысты. Эстафетадан кейін балаларға іс-шара серіктестерінің сыйлықтары табысталды.
«Run for Autism — ерекше шара, өйткені оған біздің жобаларымыздағы жасөспірімдер, олардың отбасылары, педагогтер, серіктестер және қор достары қатысады. Сондықтан бұл жүгіру жарысы жай ғана іс-шара шеңберінен шығып, түрлі қалалардағы адамдарды ортақ идея төңірегіне біріктіретін шынайы қозғалысқа айналды.
Біз жобаны бастаған кезде қоғам назарын аутизм мен менталдық денсаулық тақырыбына аударуды мақсат еттік. Бүгінде мыңдаған адам бізбен бірге стартқа шығады. Бұл қоғамның барған сайын ашық, саналы болып, маңызды әлеуметтік бастамаларды қолдауға дайын екенін көрсетеді. Алдыңғы жылдардағы қатысушылардың арқасында біз ондаған инклюзияны қолдау кабинеттерін аша алдық. Онда аутизмі бар және өзге де менталдық ерекшеліктері бар жүздеген бала күн сайын мамандар көмегін алады.
Бүгінде балалар өсіп, есейіп келеді, олармен бірге біздің бағдарламаларымыз да дамуда. Біз аутизмі бар жасөспірімдер мен жастарды кәсіби оқыту бағытын кеңейтіп жатырмыз. Биылғы жүгіру жарысы аясында жиналған қаражат дәл осы мақсаттарға бағытталады.
Бұл жүгіру жарысы — іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан көптеген адамдар мен компаниялардың қолдау белгісі. Әрбір серіктеске, Астана қаласының әкімдігіне, A-Event компаниясына және өзге де ұйымдарға шынайы алғысымды білдіремін», — деп атап өтті Bolashak Charity ҚҚ Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан.
Жүгіру жарысына халықаралық компаниялардың қызметкерлері, шетелдік елшіліктердің өкілдері, оның ішінде Ұлыбритания, Испания, Түркия, Швеция, Эстония елдерінің дипломаттары, сондай-ақ Еуропалық Одақ Делегациясы өкілдері қатысты. Жарысқа Ресей елінен де қатысушылар қосылды — Мәскеу, Санкт-Петербург және Якутск қалаларынан.
РАС диагнозы бар 12 жастағы жасөспірімнің анасы, мінез-құлық талдаушысы және супервизор Юлия Асфина Run for Autism жарысына арнайы Мәскеу қаласынан ұшып келді:
«Өкінішке қарай, Ресейде әзірге Run for Autism жобасы жоқ, бірақ бір күні оның пайда боларына өте үміттімін. Bolashak Charity қорының Астана қаласында осындай жарыс ұйымдастырғаны керемет, әрі менің оның бір бөлігі болуға мүмкіндігім бар. Аутизм тақырыбымен күн сайын әрі кәсіби өмірімде, әрі жеке өмірімде бетпе-бет кездескен адам ретінде, РАС бар балаларды қолдайтын жобаға қатысу мен үшін ерекше маңызды. Мен жүгіруді де жақсы көремін және жарыстар мен жартылай марафондарға тұрақты түрде қатысамын. Биыл мен Run for Autism жарысына екінші рет қатысып отырмын. Өткен жылы Мәскеу қаласында онлайн форматта жүгірдім. Сол кезде ұйымдастырушылар маған медаль мен футболкасы бар старттық пакетті өте жылдам жеткізді, бұл өте жағымды болды. Ал биыл мен Астана қаласында жүгіріп жатырмын. Осындай мықты әрі шабыттандыратын жобаның бір бөлігі болып, біздің керемет балаларымызды қолдау өте құнды», — деп атап өтті Юлия Асфина.
Кулянда Атчибаева немересі Ахмадимен бірге жарысқа Атырау облысынан келді. Олар 1 шақырым қашықтыққа жүгірді. Ахмади 17 жаста, оның Даун синдромы бар. Ол күн сайын Мақат аудандық оңалту орталығына барады. Кулянда апа немересінің дамуына белсенді түрде көңіл бөледі: екеуі бірге Қазақстанның түрлі қалаларына даму ерекшеліктері бар балаларға арналған спорттық жарыстарға тұрақты түрде қатысады — жүзу, жүгіру, секіру, шаңғы спорты және басқа бағыттар бойынша.
«Мен үнемі немереме арналған қандай іс-шаралар, жарыстар, сауықтыру лагерьлері және өзге де мүмкіндіктер өтіп жатқанын қадағалап жүремін. Біз барлық жерде қатысуға тырысамыз. Менің мұның бәрін жасауымдағы ең басты мақсатым — әлеуметтену мен қарым-қатынас. Немерем адамдармен араласа алса, өз бетінше болып, қоғамда сенімді өмір сүрсе деймін. Немереме қазір 17 жас болды, сондықтан оның болашағы туралы жиі ойлана бастадым. Жақында біз Атырау қаласындағы «Оқу-өндірістік комбинат» жобасына жазылдық. Бұл жобаны біздің қаламызда Bolashak Charity қоры Теңізшевройл компаниясының қолдауымен іске қосып жатыр. Бұл біздің отбасымыз үшін үлкен қуаныш», — деп бөлісті Кулянда Атчибаева.
Мәре сызығын кесіп өткен жарысқа қатысушыларға естелік медальдар табысталды, ал әр қашықтық бойынша алғашқы үш жеңімпаз дипломдармен марапатталды. Барлық жүгірушілерге старттық пакеттер берілді. Оның құрамына шоппер сөмкесі, жүгіруге арналған футболка, старт нөмірі, ақпараттық парақша, сыйлықтар ұтысына қатысу талоны, құрт, дрип-кофе пакеті, кинезио-тейп, сутекті магний (Supreme H₂), косметологиялық қызметтерге сертификаттар, мұздатылған йогурт және бургерханаға сертификаттар кірді.
Жарысқа қатысушылар арасында 20-дан астам бағалы сыйлықтар мен тартулар ойнатылды.
Олардың қатарында екі адамға арналған Грузия еліне саяхат, 1 тонна бензин, смартфон, бес жұлдызды қонақүйлерде тұруға сертификаттар, бір айлық кофе қоры, бір жылдық мұздатылған йогурт қоры, тау велосипеді және басқа да сыйлықтар болды.
Іс-шараны 70-тен астам демеуші мен серіктес қолдады.
Олардың қатарында: Астана қаласы әкімдігі, «NAK» құрылыс холдингі, ALSTOM, TechnoGym компаниялары, «Село Лесное» сауда белгісі, KAZZINC, Dandelion, Garden, «Курочка Ряба», Ozen, MYD Production, Drinkit Coffee, G-Life, Qazaq Oil, TUMI, Fix Price, SARQYT, Y Cosmetology, VEOLES, Арзан ALEM e-commerce Turan Water, A-Event, INTERTOP, Rixos Borovoe, NAVAT чайхана, Abyroi, iSpace, AI Trust Clinic, Chaplin Cinemas, FlyArystan, Summer Love Frozen Yogurt, Мясная лавка FARШ/Бургерная, QAZAQ ATHLETICS, Cheese Show, Digital Boards, LIFTMEDIA, ТРЦ Keruen, 5G Kcell Activ, ARGYMAQ, Hilton Astana, ASTANA PRODUCTION, Marwin, Sundar Yoga, «Орловские бани», ANTA, Ailand, IT-компания Digital Bords, My Start, Mustafin Magazine, ASTANA TV, Love Radio Qazaqstan, Codus Media, Aitmedia, Proreklama және басқа да ұйымдар бар. Ақпараттық серіктестер: «Хабар» Агенттігі» АҚ, «Euronews», «Qazsport», «Astana TV», «Almaty TV» телеарналары, «AMANAT MEDIA GROUP» медиа холдингi, «Mustafin Magazine», «Aitmedia», «Smartnews», «InfoTimes», «Kaztourism.media» сайттары.
Анықтама:
Run for Autism 2023–2025
Қазақстанда Run for Autism алғаш рет 2023 жылы өтті. Үш жыл ішінде оған 6 443 адам қатысып, 79 серіктес пен демеуші қосылды.
Жалпы 42 348 444 теңге жиналып, 25 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Нәтижесінде 200-ден астам бала қатарластарымен бірге білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Run for Autism — бұл тек спорт емес, аутизмді қолдауға бағытталған қоғамдық қозғалыс. Жүгіруге кәсіби спортшылар, әуесқойлар, бейжай қарамайтын азаматтар, ерекше балалардың отбасылары және инклюзия саласындағы мамандар қатысады.
Қатысушылар географиясы Қазақстанның көптеген қалаларын қамтыды, ал 2024 жылдан бастап онлайн формат енгізіліп, халықаралық қатысушылар да қосылды.
«Bolashak Charity» қоғамдық қоры туралы ақпарат
«Bolashak Charity» қоғамдық қоры 2011 жылдан бері дарынды жастарды қолдау және аутизмі мен басқа да менталдық бұзылыстары бар балаларға арналған инклюзивті білім беруді дамыту бағдарламаларын жүзеге асырып келеді.
Қор Қазақстан бойынша 90-нан астам мамандандырылған оңалту мекемелері мен кабинеттерді ашып, жабдықтады, оның ішінде 24 қалада 80 инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істейді. Жоба аясында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 2 000-нан астам бала қамтылды, олардың 1 000-нан астамы үйден оқытудан шығарылды.
Инклюзивті білім беру саласында 600 жаңа мамандандырылған жұмыс орны құрылды. 4 500 маман мен ата-ана инклюзивті білім беру және қолданбалы мінез-құлық талдауы бойынша оқудан өтті. Балалар үйлеріндегі 2,5 мыңнан астам бала қордың шығармашылық бағдарламаларына қатысты.
Қордың инклюзияны қолдау кабинеттері Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беруді дамыту бойынша эксперименттік алаңдар желісіне енгізілген. Ел бойынша Қор үлгісі негізінде 1 500 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды.
Инклюзивті білім беруді дамыту бөлігінде заңнамалық актілерге 120-дан астам сапалы ұсыныс пен түзету енгізілді. Қор ҚР Парламенті Сенаты, «AMANAT» партиясы және министрліктер жанындағы инклюзия мәселелері бойынша жұмыс топтарының құрамына кіреді.
Қор педагог-ассистенттерге арналған «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытудағы мінез-құлық технологиялары: диагностика, оқыту және қолдау стратегиялары» атты оқу курсын әзірлеп, іске қосты. Бүгінгі күні Қазақстанның және Орталық Азия елдерінің 17-ден астам өңірінен 4 000-нан астам маман оқытылды.