Алматы облысында жүк көлігі оқушыны қағып кетті

Бүгін, 17:00 / Алуа Арман
видеодан скриншот

Алматы облысында жүк көлігі мектеп оқушысын қағып, бала қайтыс болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қайғылы оқиға Қызылту-1 ауылында болған. Жүк көлігі жаяу жүргіншілер өткелінде үшінші сынып оқушысын қағып кеткен. Оқушы оқиға орнында көз жұмды.

Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 21 сәуір күні Талғар ауданында болған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«Алдын ала мәліметтер бойынша, жүк көлігінің жүргізушісі кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Алған жарақаттарының салдарынан бала оқиға орнында қайтыс болды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын толық, жан-жақты және объективті зерттеуге бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», – деп хабарлады полиция.

Жүк көлігінің жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасуда.

 

Тэгтер:

Жүк көлігі оқушы Жүргіншілер жолағы