Түркістанда республикалық «Ясауитану – 2026» байқауы басталды

Бүгін, 16:34 / Інжу Әлихан
Түркістан облысының әкімдігі

Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің қолдауымен «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен Түркістан қалалық Мәдениет үйінде мектеп оқушылары арасында дәстүрлі «Ясауитану – 2026» республикалық байқауының шымылдығы түрілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Салтанатты ашылу рәсімінде Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ музей-қорық директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев та ізгі лебізін білдіріп, жас талапкерлерге шығармашылық табыс пен жеңіс тіледі.

Әділқазылар алқасының құрамында «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев, музей-қорық жанындағы Ясауитану ғылыми орталығының басшысы Сайфулла Моллақанағатұлы, жетекші ғылыми қызметкері Жұмағали Ибрагимов, сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ Ясауитану ғылыми-зерттеу институтының басшысы Бауыржан Сайфунов пен жетекші ғылыми қызметкері Мұхит Төлеген бар.

Байқаудың басты мақсаты – Қожа Ахмет Ясауи хикметтері арқылы халқымыздың рухани құндылықтарын дәріптеу, өскелең ұрпақты ұлы баба мұрасын терең танып-білуге және ғылыми тұрғыда зерделеуге баулу.

Айта кетейік, дәстүрлі байқау биыл 28-рет ұйымдастырылып отыр. Оған еліміздің барлық өңірлерінен, сондай-ақ Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларынан іріктеуден өткен 70-ке жуық дарынды оқушы қатысуда.

Тэгтер:

Қожа Ахмет Ясауи