Осы аптаның басында Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Кино және телевизия факультетінің ұйымдастырумен анимациялық және деректі кино режиссері, суретші, педагог, «Кино және телевизия» факультетінің негізін қалаушылардың бірі Ерсайын Әбдрахмановтың 80 жылдық мерейтойына арналған іс-шара өтті.
Жиында аталған білім ордасының Анимация режиссурасы және интерактивті медиа кафедрасының меңгерушісі Адай Әбілдинов жүргізді. Кездесуде қазақ анимациясының ардагері, режиссер-мультипликатор, сценарист, педагог Тамара Мұқанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Ғайнижамал Әбілдина, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі кинорежиисер Сергей Азимов, т.б. өнер қайраткерлері сөз сөйлеп, Е.Әбдірахманов туралы естеліктер айтып, оның қазақ анимациясына, деректі киноға сіңірген еңбектеріне лайықты баға берді. Сондай-ақ іс-шара барысында кинотанушы, өнертану магистрі Нұргүл
Абдулланың «Кинорежиссер Ерсайын Әбдірахманов» атты кітабының тұсаукесері болды.
Ерсайын Әбдірахманов – қазақ анимациясы мен деректі кино өнерінде айрықша қолтаңба қалдырған режиссер, суретші және жастарды өнерге баулыған ұстаз.
1946 жылғы 21 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысының Теңелдік ауданында дүниеге келген. 1965 жылы Сарытомар орта мектебін тәмамдап, Алматыдағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтында білім алды. Әскери борышын өтеген соң 1971 жылы «Қазақфильм» киностудиясында шығармашылық жолын бастап, ұлттық мультипликация өнерінің қалыптасу кезеңінде ерен еңбек етті.
Ерсайын Әбдірахманов анимация саласында фазалық суретші, суретші-безендіруші, декоратор ретінде шыңдалып, кейін режиссер-аниматор дәрежесіне көтерілді. «Ғажайып ешкілер елінде» (1976), «Өнертапқыштар» (1976), «Сиқырлы қарбыз» (1978), «Ғажайып достық» (1979), «Көзілдірікті қоян» (1981), «Қозы мен қосаяқтың жақсылық іздеуі» (1982), «Күнім жайлы ертегі» (1983), «Кім қараңғылықтан қорқады?» (1983), «Өмірдің мәні» (1987), «Бозторғай» (1986) секілді туындылар ерекше орын алады. Бұл фильмдер қазақ анимациясының тақырыптық, көркемдік және тәрбиелік аясын кеңейткен маңызды шығармалар ретінде бағаланады.
Режиссердің шығармашылық жолы тек анимациямен шектелген жоқ. 1990 жылдары ол деректі киноға бет бұрып, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтерген еңбектер түсірді. «Жаңа-Арқа» (1991), «Өлім транзиті» (1997) фильмдері қазақ киносының құнды деректі туындыларының бірі ретінде аталады, ал оның деректі жұмыстары ел өміріндегі әлеуметтік шындықты экран тілімен жеткізуге бағытталды. Ерсайын Әбдірахмановтың азаматтық ұстанымы мен режиссерлік батылдығы осы кезеңдегі фильмдерінен анық көрінеді.
Ерсайын Әбдірахманов кино өндірісінде ғана емес, кәсіби білім беру саласында да елеулі еңбек сіңірді. 1993-2001 жылдары Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Кино факультетінің деканы қызметін атқарып, жас мамандарды тәрбиелеуге, анимация мен режиссура саласының кәсіби дамуына үлес қосты. Сонымен қатар ол «Батыр Баян» көркемсуретті фильмінде костюм үлгілерін жасаушы суретші ретінде еңбек етіп, кейіннен «Ер» студиясы арқылы фильмге продюсер қызметін атқарды.
Ерсайын Әбдірахмановтың шығармашылығы – ұлттық экран өнерінің тарихындағы маңызды құбылыс. Оның еңбектері қазақ анимациясының көркемдік табиғатын байытып қана қоймай, деректі киноның да қоғамдық маңызын тереңдете түсті. Ол қазақ кино мәдениетінде режиссер, суретші, педагог және ұлт руханиятына адал қызмет еткен қайраткер ретінде есте қалады.
Нұргүл АБДУЛЛА,
кинотанушы, өнертану магистрі:
– Ерсайын Әбдірахмановтың шығармашылығын 2016 жылдан бастап зерттеп келемін. Зерттеуіме тікелей әсер еткен – көрнекті кинотанушы, ұстазым Бауыржан Нөгербек болды. Ол кісі «мүмкіндігің болса Е.Әбдірахмановтың шығармашылығын зертте, оның қазақ киносы мен мультипликациясына еңбегі лайықты бағалануға тиіс» деген еді. Сондықтан бұл кісінің шығармашылығын дипломдық жұмысыма тақырып етіп алып, 2016 жылы қорғап шықтым. Дегенмен ол зерттеуімді уақыт өте келе толықтырдым, бүгін монография күйінде жарық көріп отыр.
Бұл еңбегім аниматорларға ғана емес, сонымен бірге режиссура бойынша білім алып жатқан студенттерге де бағыт беретін оқулықтардың бірі болады деп ойлаймын. Себебі онда кинотануға қатысты көптеген талдау жасалған.
Мәселен, кинода үнемі көтерілетін жақсылық пен жамандық мәселесі бар. Міне, осыны өзінің режиссерлік көзқарасымен Ерсайын Әбдірахманов қалай жасады, сол туралы кітабымда терең қаузалады. Сонымен бірге қазақ анимациясының атасы Әмен Қайдаров пен Ерсайын Әбдірахмановтың шығармашылығын қатар талдауға күш салдым.
Е.Әбдірахманов секілді өнердің бірнеше саласында зор жетістікке жеткен адамның шығармашылығы ғылыми зерттеулерге өзек болса, өнер саласында бақ сынап жүрген жастар үшін пайдасы мол болады деп сенемін. Мұндай зерттеулер алдағы уақытта да жалғасын таба береді деп үміттенемін.
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ