Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде кітап оқудың қоғамдағы рөліне ерекше мән беріп келеді. Мемлекет басшысы ғалымдарды марапаттау рәсімінде: «Кітап оқу үрдісі төл дүниетанымымыздың ажырамас бөлігіне айналуы тиіс» деп атап өткен еді. Бұл – жай ғана үндеу емес, ұлттық сананы жаңғыртуға бағытталған стратегиялық ұстаным. Сондай-ақ Президент Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында оқу мәдениетін қалыптастыруды мемлекет дамуының маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындады. Соның нақты дәлелі – 2024 жылдан бастап 23 сәуірдің Ұлттық кітап күні болып белгіленуі. Бұл бастама елдегі зияткерлік әлеуетті арттыруға жасалған маңызды қадам болды.
Дәл осы атаулы мереке аясында елорда төрінде өтіп жатқан Astana Eurasian Book Fair-2026 IX халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі биыл да оқырман қауым мен әдеби орта өкілдерін бір алаңға тоғыстырып, ұлттық рухани құндылықтарды жаңғыртуға серпін берді.
Көрме аясында дәстүрлі «Ұлттық кітап» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Салтанатты жиын Қазақстан Республикасы Президентінің Ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаевтың құттықтау сөзімен ашылды. «Мемлекет басшысы әрдайым қоғамда кітап оқу мәдениетін дамытуға ерекше мән береді. 2024 жылы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасын ұсынған еді. Аталған тұжырымдама негізінде былтырдан бастап 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып белгіленді», – деді Арман Қырықбаев. Сондай-ақ Президент көмекшісі алдағы екі аптада Мемлекет басшысы кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттауға және зияткер ұлт қалыптастыруға бағытталған арнайы Жарлыққа қол қоятынын жеткізді. Іс-шараға Парламент депутаттары, белгілі ақын-жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ кітапхана басшылары қатысты.
Астана қаласындағы Президент орталығында өтіп жатқан биылғы көрме Орталық Азиядағы ең ірі мәдени-ағартушылық іс-шаралардың бірі ретінде ерекшеленді. Іс-шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және Qazaq Creative қолдауымен «Фолиант» баспасы ұйымдастырды. Алғашқы күннің өзінде көрмені 10 мыңнан астам адам тамашалап, бес күнге жоспарланған ауқымды бағдарламаға үлкен қызығушылық танытты. Жалпы, көрмеге 80-нен астам баспа және полиграфиялық компания қатысып, олардың жартысы – отандық ұйымдар болды. Қалған қатысушылар әлемнің 15 елінен келді. Оның ішінде Түркия, Испания, Қытай, Ұлыбритания, Португалия, Венесуэла сынды және басқа да мемлекеттер бар.
Көрме аясында жаңа кітаптардың тұсаукесері, автормен кездесулер, автограф-сессиялар, балаларға арналған шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Әсіресе, түрлі жанрдағы жаңа туындылардың таныстырылымы көпшіліктің назарын аударды. Атап айтқанда, Түркия Мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен жарық көрген «Түрік асханасы» кітабының, Маржан Ершудің «Жалғыз қол» поэмасының, «Замандастар» сериясымен шыққан «Елдос Сметов. Төзім. Сенім. Жеңіс» кітабының, Ерлан Қожабаевтың «Қазақ оюлары» фотоальбомының, Анжей Сапковскийдің «Мыстангер» фантастикалық шығармасының, Ұларбек Дәлейдің «Бату хан» тарихи романының, Әлішер Рахаттың «Иесіз көлеңке», испан жазушысы Хавьер Мороның «Үміт сапары», Эрнест Хемингуэйдің «Қоңырау кімді жоқтайды», Әзербайжан ақыны Рәсмия Сабирдің «Өлең-әйел», Байыт Қабанұлының «Моңғол-өлең» кітабының, Нұрсұлтан Мықтыбайдың «Ақ Жайықтың көз жасы», сондай-ақ «Түркістан – мәңгілік әрі әрдайым жаңа» және «Димаш Құдайберген. Шексіз музыка» атты кітап-альбомдарының таныстырылымы өтеді деп жоспарланып отыр.
Мәселен, халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында ЕҰУ ғалымдарының «Тәуелсіздік. Тарих. Тұлға» жобасы бойынша жарық көрген ғылыми-танымдық кітаптардың салтанатты таныстырылым рәсімі өтті. Ауқымды іс-шара Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Тарихшылардың ұлттық конгресі және Абай академиясы бірлесіп ұйымдастыруымен жүзеге асырылды. Іс-шараға әдебиеттанушы ғалымдар, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, докторанттар, магистранттар, студенттер және кітапсүйер қауым қатысты. Таныстырылымның негізгі мақсаты – Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, сондай-ақ «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты мен Тарихшылардың ұлттық конгресі әзірлеген жаңа басылымдардың мазмұнын жұртшылыққа таныстыру болды. Іс-шара барысында көпшілік назарына «Тәуелсіздік бәрінен қымбат», «Адамзаттың Абайы», «Абай ғибраты», «Ұлт тарихындағы тұлғалар», «Евразийская тенденция. Интеллектуальные контексты второй половины ХІХ – первой трети ХХ века: славянский, тюркский, сибирский» кітаптары ұсынылды. Іс-шараға «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Жандос Әубәкір модераторлық етті. Салтанатты жиынды Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ЕҰУ Басқарма төрағасы-ректор Ерлан Сыдықов құттықтау сөз сөйлеп ашты. «Бұл еңбектер – тәуелсіз Қазақстанның тарихи санасын жаңғыртып, ұлт руханиятын байытуға бағытталған маңызды ғылыми жобалардың нәтижесі. Тәуелсіздік және Абай мұрасын терең зерделеу арқылы біз жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үлес қосамыз», – деді «Тәуелсіздік. Тарих. Тұлға» жобасының ғылыми жетекшісі Ерлан Бәтташұлы. Бағдарлама аясында ғылыми жинақтардың авторлары мазмұндық шолу жасап, зерттеу нәтижелерімен бөлісті. Атап айтқанда, Дүйсен Сейітқали «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» және «Ұлт тарихындағы тұлғалар» еңбектеріне талдау жасаса, тарихшы Жабай Қалиев «Адамзаттың Абайы» және «Абай ғибраты» жинақтарының мазмұнын, С.Селиверстов «Евразийская тенденция. Интеллектуальные контексты второй половины ХІХ – первой трети ХХ века: славянский, тюркский, сибирский» монографиясын таныстырды. Іс-шара барысында әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кенжеғали Мыржықбаев Шәмші Қалдаяқовтың «Кешікпей келем деп ең» әнін шырқады.
Көрмені ұйымдастырушы «Фолиант» баспасының бас редакторы Фарида Тобашалова биылғы іс-шараға 85 ұйым өтінім бергенін жеткізді. Оның ішінде 15 елден келген 35 шетелдік ұйым бар. Көрме аясында баспаның 18 жаңа кітабының тұсаукесері жоспарланған.
Тұрақты қатысушылардың бірі – Түркияның «Дамла» баспа үйінің жетекшісі Мехмет Бахадүр бұл көрмеге алтыншы жыл қатарынан қатысып отырғанын айтып, қазақ және түрік баспалары арасындағы ынтымақтастықтың нығайып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінге дейін екі ел баспалары бірлесіп 100-ге жуық кітапты түрік тілінен қазақ тіліне аударып шығарған.
«Ұлттық кітап» байқауы: үздіктер анықталды
«Ұлттық кітап» республикалық байқауы отандық авторларды қолдауға, баспа ісін дамытуға бағытталған. Биыл байқауға 32 баспадан 155 өтінім түсті. Қатысушылар кейінгі екі жылда жарық көрген отандық авторлардың шығармаларын ұсынды. Жеңімпаздар тоғыз номинация бойынша анықталды. Олардың қатарында «Балаларға арналған үздік кітап», «Үздік комикс», «Нон-фикшн бағытындағы үздік кітап», «Детектив жанрындағы үздік кітап», «Сатира жанрындағы үздік кітап», «Үздік иллюстрациялық кітап», «Үздік аударма кітап», «Фантастика жанрындағы үздік кітап» және «Үздік баспа» бар. Байқаудың басты жүлдесі – «Жыл кітабы» Гран-приі «Абай Құнанбайұлының қара сөздері. Бейімделген нұсқа. Ұрпаққа ұлағат» еңбегіне бұйырды. Автор – Гүлмира Амандықова. Кітап бірнеше тілге, атап айтқанда орыс, ағылшын, француз, испан, неміс, түрік, қытай тіліне аударылған.
«Балаларға арналған үздік кітап» аталымы бойынша ІІІ орынды Баянғали Әлімжановтың «Мейірімді Асқар» кітабы («Фолиант» баспасы) алса, ІІ орынды Кристина Шваневаның «Гигантская тактильная книга. Животные» кітабы («COCOBOOK») еншіледі, ал І орынды Ақиқат Растың «Оқымақтар немесе сабақ оқудан ләззат алудың жолы» (Steppe&World Publishing) алды. «Үздік комикс» бойынша ІІІ орынды Қожагелдиев Әлібектің «Өзгеше Мақта Қыз» кітабы (Art nomad), ІІ орынды Сәуле Досжанның «Көк түрік» кітабы (ATA Creative Hub) алса, І орынды Айсұлу Алмасбайдың «Жел тербеген әуен» кітабы («Мазмұндама») алды. «Үздік иллюстрациялық кітап» аталымы бойынша ІІІ орынды Чэнь Чанлиньнің «Менің әмбебап құрал-сайманым» кітабы («Мазмұндама»), ІІ орынды Қымбат Қараеваның «Көшпенділер ойыны» кітабы (Arman-PV), І орынды М.Жанұзақованың «Dimash» кітабы («Алматыкітап», аударған Ғ.Қабышұлы) еншіледі. «Детектив жанрындағы үздік кітап» аталымы бойынша ІІІ орын Ғабдул-Сәбит Юсуповтың «Шамиль шалдың құпиясы» кітабы («Тоғанай Т»), ІІ орын Тұрсынбек Әлиұлының «Улуру» кітабы (Qasymkitap), ал І орын Шыңғыс Алекешевтың «Серт» жинағына («Жібек жолы») берілді. «Фантастика жанрындағы үздік кітап» бойынша ІІІ орын Филип Пулманның «Солтүстік шұғыла» кітабына (Steppe & World Publishing), ІІ орын Анжей Сапковскийдің «Мыстангер. Соңғы тілек» кітабына («Фолиант»), І орын Артем Уразимбетовтың «Демоны внутри нас» кітабына (Meloman Publishing) берілді. Келесі аталым – «Нон-фикшн бағытындағы үздік кітап» аталымында танымдық, психологиялық, мотивациялық және бизнес бағытындағы мазмұнды еңбектердің үздігі анықталды. Атап айтсақ, III орынды Радик Темиргалиевтың «Казахи. Путь предков» кітабы (Meloman Publishing), II орынды М.Әуезовтың сериялы кітаптары: «Жапония күнделіктері», «Индия очерктері», «Америка әсерлері» (Marfu Press), I орынды Рашид Нугмановтың «Драматургия на экране, на сцене и в жизни» кітабы (Meloman Publishing және Zerde Publishing) алды. Келесі аталым «Сатира жанрындағы үздік кітап» аталымында қоғамдағы құбылыстарды астарлы оймен, шебер тілмен бейнелеген шығармалар марапатталды. Мәселен, III орын – Нұрмахан Елтайдың «Әр каллада бір қиял» кітабына («Аннұр Сапа»), II орын – Тұрысбек Сәукетаевтың «Мен – жындымын» кітабына («Мазмұндама»), I орын – Әзиз Несиннің «Әңгіме оқи отырыңыз» кітабына («Атамұра», аударған Ғ.Қабышұлы) бұйырды. Кейінгі екі жылда жоғары кәсіби деңгей көрсетіп, сапалы өнім ұсынып, кітап нарығында үздік нәтижеге қол жеткізген баспалар «Үздік баспа» аталымында анықталды. Нәтижесінде, III орын – COCOBOOK баспасы, II орын – Qasymkitap баспасы, I орын – «Алматыкітап» баспасына берілді. Соңғы аталым – «Үздік аударма кітабы» бойынша анықталды. Бұл номинация әдебиеттер мен мәдениеттер арасындағы алтын көпірге айналған сапалы аударма әдебиеттерге арналды. Жүзден жүйрік шыққан авторлар арасында III орынды Нортап Соломонның «Құлдықта өткен 12 жыл» кітабы («Мазмұндама»), II орынды Цзяң Жуңның «Бөрі тотем» кітабы (Steppe & World Publishing), I орынды Дорлингтің «Өнер. Түсіндірмесімен» кітабы («Алматыкітап») алды.
«Ұлттық кітап» байқауы отандық қаламгерлер мен баспагерлердің еңбегін дәріптейтін маңызды алаң ретінде қалыптасып, кітап оқу мәдениетін нығайтуға және қоғамның қазақ әдебиетіне қызығушылығын арттыруға ықпал етіп келеді. Салтанатты рәсім аясында еліміздің түпкір-түпкірінен келген кітапханашылар мен баспа саласының өкілдері «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен және «Құрмет» грамотасымен марапатталды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырып отырған бұл игі бастама – үздік кітаптарды, үздік баспаларды, аудармашыларды, иллюстраторларды және әдеби үдеріске үлес қосып жүрген кәсіби қауымды ұйыстыратын маңызды жоба. Astana Eurasian Book Fair-2026 – тек кітап жәрмеңкесі ғана емес, ол – ұлттық сананы жаңғыртатын, білім мен мәдениетті дәріптейтін маңызды алаң. Мұндай ауқымды іс-шаралар кітап оқуды дәріптеп қана қоймай, ұлттың зияткерлік деңгейін көтеруге, жас ұрпақтың рухани дамуына жол ашады. Кітап – өткен мен бүгінді, ұлт пен әлемді жалғайтын алтын көпір. Ал осындай көрмелер – сол көпірді нығайтатын маңызды бастамалардың бірі.
«Ақ батпырауықтың» тұсаукесері өтті
Astana Eurasian Book Fair-2026 аясында ақын Маралтай Райымбекұлының «Ақ батпырауық» кітабының таныстырылымы өтті. Іс-шараға баспа қызметкерлері, жазушылар мен кітапсүйер қауым қатысты. Кездесу барысында автор шығармашылығы, кітаптың мазмұны мен көркемдік ерекшелігі жайында мазмұнды пікірлер айтылып, рухани ортада әсерлі жүздесу өтті. Іс-шараны ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының Астана қаласы филиалының төрағасы Бауыржан Бабажанұлы жүргізіп отырды. Әділ Қаженбайұлы басқаратын «Сардар» баспасынан шыққан аталмыш кітапқа ақынның соңғы уақытта жазған шығармалары енген. Бұл тұрғысында ақынның шығармашылықтағы қаламдас аға-інілері кеңінен толғады. Іс-шараға арнайы ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев та қатысып, ақынға ізгі тілегін жеткізді. «Маралтай ақынды қазақ руханиятындағы ең белді ақындардың бірі деп санаймын. Оның есімінің өзі – поэзия. Соны есім. Қазақ поэзиясындағы Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов секілді алып ақындардың қасына мен Маралтайды да қосар едім», деді ол өз сөзінде. Ал жазушы Айгүл Кемелбаева ақын туралы айта келіп, оның сонау тоқсаныншы жылдары заманның қиын тұсында әдебиетке адал қызмет еткенін ерлікпен пара-пар деп бағалады. «Тоқсаныншы жылдарда Маралтай мұзжарғыш кеме сияқты бір буынның алдында жүрді. Егер, Маралтай «сынып» кетсе, ол сол буынға да қатты әсер етер еді. Бірақ Маралтай «сынған» жоқ!», – деді ол. Қаламгер Жанат Әскербекқызы ақын шығармашылығының ерекшелігін, кітаптың Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатқанын айта келіп, сәттілік тіледі. Ал ақын Қалқаман Сарин Маралтай Райымбекұлына арнаған өлеңін оқып берді. Ақын, жазушы Ақберен Елгезек ақынның жас қаламгерлерге берген өлеңдегі әсерін әңгімеледі. «Біз Алматыға келгенде шаһарда ковид вирусы секілді «пандемия» жүріп жатыр екен. Барлық жас перілер Маралтай дертіне шалдығыпты. Ол дертке біз де шалдығып, әрең айықтық. Маралтай аға соңғы уақытта жазып жүрген шығармалары кезіндегі дүркіреп тұрған шағынан кем емес. Асқақ, рухты жырлар. Бұл кітап өз бағасын алады деп сенеміз» деді ол ағынан жарылып. Кітап таныстырылымында ақынның өзі де жаңа жырларын оқыды. Кітаптың қызыл лентасын Амантай Тойшыбайұлы, Бауыржан Жұмағұлов, Нұрлан Төремұрат, Оңайгүл Тұржан, Жанат Әскербекқызы секілді ақынның қаламдас аға-әпкелері қиды.
Наурызбек САРША