Қазақстанда жекеменшік білім беру нарығы қалай өзгеріп жатыр?

Бүгін, 14:24 / Ербұлан Қайрат

Қазақстандағы жекеменшік білім беру – бизнес пе, әлеуметтік бастама ма, әлде оны құрған жандардың жеке миссиясы ма? Осы және өзге де маңызды сұрақтарға қатысты TURKISTAN басылымына BI Education бас директоры Мәди Каргиннің пікірін білген едік. 

– Елімізде сұранысқа ие тренд­тер­дің бірі – жекеменшік мек­теп­тер­дің көбеюі. Олардың негізін қа­лаушылар үшін бұл бизнес пе, әл­де әлеуметтік жоба ма?

– Мемлекеттік мектептердегі орын тап­шылығы – бүкіл ел үшін күрделі мә­се­ле. Осыған байланысты BI Group тек мек­теп ғимараттарын салумен шек­тел­мей, білім беру саласындағы қажет­ті­ліктерді де қамтамасыз етуді мақсат етті. Жал­пы, жекеменшік мектеп – тез пайда әке­летін бизнес емес: оның өзін-өзі ақ­тау мерзімі шамамен он жылға дейін со­зылады. Сондықтан көп жағ­дайда мұн­дай жобалар қаржылық та­быстан гөрі әлеуметтік жауапкер­ші­лікке жақын.


Алматы мен Астана секілді ірі қала­лар­да нарық бәсекеге толы. Сондықтан ха­лықаралық стандарттар мен мектеп фи­лософиясы ерекше маңызға ие. Мә­се­лен, RIVIERA International School бас­тауыш (IB PYP), негізгі (IB MYP) және жо­ғары сыныптарға арналған (IB DP) ха­лықаралық IB бағдарламалары бойын­ша аккредитациядан өтті. QuantumSTEM School да бастауыш білім беру бойынша IB PYP бағдарламасын енгізді.

– Білімге салған инвестиция бір­ден пайда әкелмейді дедіңіз, бірақ со­ған қарамастан жаңа мектептер көп­теп ашылып жатыр. Бүның се­бе­бі неде?

– Соңғы жылдары нарыққа кіру жеңіл­деп, «үй жанындағы» шағын мек­теп­тер көбейді. Оларды көбіне тәжі­ри­белі басқарушылар мен педагогикалық ұжым­дар ашады. Дегенмен, 2026 жылдан бас­тап талаптар күшейіп, лицензия беру тәр­тібі қатаңдай түсті. Жаңа мектептерге мем­лекеттік тапсырыс беруге мора­то­рий енгізілді. Яғни, білім саласына оңай кіру кезеңі аяқталып, кәсіби бас­қару­шы­лар дәуірі басталып келеді.

Жекеменшік білім беру кәсібі әлі де элиталық сипатта ма, әлде қол­­жетімді бола бастады ма? Же­ке­меншік мектептердің көптеп ашылу себебі неде деп ойлайсыз?

– Қазір елімізде 870 жекеменшік мек­теп тіркелген, бұл барлық мектеп­тер­дің шамамен 10 пайызын құрайды. Онда жал­пы мектептерде оқитын 3,5 мил­лион оқушының 350 мыңы білім алады. Де­мек, бұл сектордың үлесі әлі де ша­ғын.
Сонымен қатар нарық айтар­лық­тай өзгерді, элиталық сегмент сақ­талғанымен, орташа деңгейдегі мек­тептер көбейді. Мұндай оқу орындары ара­лас қаржыландыру арқылы қолже­тім­ді баға ұсынады. Әсіресе, бала санына қа­рай қаржы алатын мектептер көп от­басы үшін мемлекеттік мектепке ба­ла­­­­маға айналды. Осыған BINOM ин­но­вация­лық мектептері – ерекше мысал. Олар тегін білім береді әрі сапасы өте жо­ғары. 2025 жылғы PISA for Schools зерт­теуінде BINOM мектептері жоғары нәти­же көрсетті. Мысалы, Ахмет Бай­тұрсынұлы атындағы BINOM мектебі ма­тематикалық сауаттылық бойынша 518 балл жинап, әлемдік деңгейге жа­қын­дады. Түлектердің басым бөлігі грант­қа түссе, 58 оқушы Назарбаев Уни­верситетіне қабылданған, ал әр бесінші тү­лек шетелде білімін жалғастыруда. BINOM жобасы сапалы білімнің қол­же­тімді болуы мүмкін екенін дәлелдейді.

– Біз әдетте әлемдік стандарт­тар­ға көз тігеміз. Осы ретте Қазақ­стан­дағы жекеменшік білім беру саласы әлем­дік стандарттарға сай ма?

– Бұл сегмент біркелкі емес. Кейбір мек­тептер халықаралық деңгейге толық сәй­кес келеді, алайда жүйелі мәселелер де бар, білікті мұғалімдердің тапшы­лы­ғы, сапаны басқарудың әлсіздігі және ака­демиялық адалдық мәселелері.
BINOM жобасында біз басқарудың са­палы білім беру жүйесіне негізделген тиім­ді модельін қалыптастырдық. Жа­қын арада алғашқы BINOM мектебі мем­лекеттік басқаруға беріледі. BI Group бұл жобаны жоғары нәтижелермен аяқ­тап отыр: PISA көрсеткіштері, ҰБТ бал­да­ры, ата-аналардың қанағаттануы – бар­лығы жоғары деңгейде. Бұл – 2021 жыл­дан бергі мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестіктің табысты үлгісі.
RIVIERA International School, QUANTUM STEM School, QUANTUM TECH School (Астана), сондай-ақ Атырау мен Шым­кенттегі FARABI International School халықаралық IB және Cambridge стан­дарттары бойынша жұмыс істейді, шет­елдік және отандық үздік педагог­тарды тартады.


Сонымен бірге нарықтың басым бө­лігін шағын мектептер құрай­ды. Негізгі мәселенің бірі – кәсіби мек­теп менеджментінің жетіспеуі. Кейде ин­весторлар педагогикалық тәжірибесіз мектеп басқаруға тырысады. Сондықтан BI Education арнайы басқарушы ком­па­ния құруда. Қатаң стандарттарсыз мек­теп жай ғана қымбат ғимаратқа ай­на­лып кетуі мүмкін.
Оқушылардың қауіпсіздігі де басты на­­зарда. Осы мақсатта Smart Campus жүйе­­сі енгізілуде: бейнебақылау, эмо­ция­­ны талдау, дауыстық аналитика ар­қы­лы ықтимал қауіптер мен оқу сапасы бақыланады.

– Қазіргі негізгі трендтер қан­дай?

– Әлемде де, Қазақстанда да мұғалім тапшылығы күшейіп келеді. ЮНЕСКО дерегі бойынша, бұл мәселе 2030 жылға қарай ушыға түседі. Елімізде жыл сайын 14 мың педагог түлегі шыққанымен, тә­жірибе жинау уақытты талап етеді. Қа­зір кадр тұрақсыздығы шамамен 20 пайызды құрайды.
Тағы бір маңызды бағыт – жасан­ды интеллектіні білім беру про­це­­сіне енгізу. Сонымен қатар білім сапасына деген көзқарас өзгеріп келеді: енді тек академиялық нәтиже емес, ба­ланың эмоциялық жағдайы, сыни ойлау қабілеті мен коммуникация да маңызды.

– Farabi мектептері туралы не айтасыз?

– Атырау мен Шымкенттегі алғаш­қы мектептер былтыр ашылды. Олар то­лыққанды жұмыс істеп тұр. Инф­ра­құры­лымы заманауи: зертханалар, спорт залдары, шығармашылық және AI кеңістіктері бар. Оқыту үш тілде жүргі­зі­ле­ді, бағдарламалар қатарында AP жә­не IB PYP бар.
Мұндай мектептерді салу – қо­мақ­ты инвестицияны қажет ете­ді. Біз қаржыны негізінен инфра­құ­ры­лымға жұмсадық: STEM зертха­на­ла­ры­нан бастап, қолөнер шеберха­на­ла­ры­на дейін толық жабдықтадық. Бұл – Қа­зақстанда әлемдік деңгейдегі білім беру жүйесін қалыптастыру үшін жасалған қа­дам.
Алғашқы қабылдау 2025 жылы бас­талды. Көптеген дарынды балалар, со­ның ішінде әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардан шыққан оқушылар гранттар арқылы тегін немесе жеңіл­дік­пен білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Наурызбек САРША

Тэгтер:

мектеп жекеменшік