Экологиялық саясаттың жаңа бағдары

Бүгін, 14:45 / Ділда УӘЛИБЕК
сурет: akorda.kz

Осы аптада Астана экология мен су қауіпсіздігі мәселелері талқыланған ірі халықаралық диалог алаңына айналды. 
22-24 сәуір аралығында өтіп жатқан алғашқы Өңірлік экологиялық саммит аймақ елдері мен халықаралық қауымдастықтың басын қосты.

Саммитке мемлекет басшылары, жетекші сарап­шылар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері кел­ді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жиын­ға Орталық Азия елдерімен қатар Еуропалық Одақ, ШЫҰ және Таяу Шығыс аймағынан шамамен 1500 де­легат келіп, өңірдегі өзекті экологиялық мәселе­лер­ді талқылап жатыр.
Іс-шараның басты мақсаты – қоршаған орта мен су ресурстарына қатысты күрделі түйткілдерді бір­лесіп шешуге бағытталған ашық халықаралық плат­форма қалыптастыру. Қазіргі пікірталастар тек дек­ларативті деңгейде емес, нақты практикалық ше­шімдерге ұласуға тиіс деген ұстаным басым.
Саммит барысында сегіз негізгі бағыт бойынша тал­қылаулар жүріп жатыр. Атап айтқанда, эколо­гия­лық және табиғи қауіп-қатерге бейімделу, эко­номикалық орнықтылықты қамтамасыз ету, азық-түлік қауіпсіздігі мен өңірлік экожүйелердің жағ­дайы қаралуда. Сонымен қатар табиғи ресурстарды тиімді басқару, атмосфералық ауаның ластануымен күрес, қалдықтарды реттеу, экологиялық амби­ция­лар­ға қол жеткізу тетіктері де күн тәртібінде тұр.
Бұдан бөлек, әділетті әрі инклюзивті эколо­гия­лық өтпелі кезең, цифрлық және экологиялық құ­зыреттерді дамыту, климаттық өзгерістерге бейім­делу мәселелері де кеңінен талқыланып жа­тыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл бағыттар ал­дағы онжылдықтағы өңірлік саясаттың өзегіне ай­налуы мүмкін.
Саммит қорытындысы бойынша Орталық Азия мем­­­лекеттері басшыларының ортақ декларация қа­былданады деп жоспарланып отыр. Құжатта өңір­лік ынтымақтастықты нығайту мен эколо­гия­лық қауіпсіздікті сақтау бағытында нақты мақсат-міндет қамтылмақ.
Айта кетейік, мұндай форматтағы саммитті өт­кізу туралы бастаманы Қасым-Жомарт 
Тоқаев 2023 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассам­блея­сының 78-сессиясында жариялаған болатын.  

Жер шарын қорғау – ортақ міндетіміз

Өңірлік экологиялық саммиттің пленарлық оты­рысының ашылуында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғыз Республикасының Прези­денті Садыр Жапаров, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрік­мен­с­тан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Армения Президенті Ваагн Хачатурян, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух, Грузия Президенті Михаил Кавелашвили, Әзербайжан Премьер-министрі Али Асадов, БҰҰ Бас хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ли Цзю­ньхуа, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Қор­шаған орта бағдарламасының директоры Ин­гер Андерсен, сондай-ақ БҰҰ Еуропалық эконо­ми­ка­лық комиссиясының атқарушы хатшысы Татьяна Молчан баяндама жасады.
Өңірлік экологиялық саммиті БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдармен бірге ұйымдастыры­лып отыр. Диалог алаңының мақсаты – экожүйе­лер­ді, су және жер ресурстарын қорғау, қалпына кел­тіру әрі бірлесе пайдалану бойынша кешенді сая­сат пен тетіктерді қалыптастыру, Орталық Азия өңірінің биоалуантүрлілігін сақтау.
– Жер шарын қорғау – ортақ міндетіміз. Бүгінгі сам­мит бізге осыны көрсетеді. Таразы басында адам­заттың, ең алдымен, өскелең ұрпақтың бола­шағ­ы тұр. Бұл жай ғана экологиялық мақсат емес, кері­сінше, адами парыз, экономикалық қажеттілік, бей­бітшілік пен тұрақтылықты сақтау мақса­тын­дағы стратегиялық басымдық, – деді Президент.

Аралды құтқару – аймақты құтқару

Саммит аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ха­лық­ара­лық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мем­­лекеттер басшы­лары кеңесінің оты­ры­сы өтті. Президент Халық­аралық Аралды құт­қару қоры Орталық Азиядағы су шаруа­шы­лығы мен экологиялық мәселелердің ше­­шімін табу үшін өңірдегі мемлекеттердің күш-жігерін ортақ арнаға ұйыстыратын бір­ден-бір инс­титуционалдық платформа еке­ніне тоқталды. Сондай-ақ Солтүстік Арал­дың экожүйесін қалпына келтіру бойын­ша бірлескен күш-жігердің арқасын­да оң нәтижеге қол жеткізілгеніне мән берді. 

– Теңіздегі су көлемінің 18,9-дан 23,5 тек­ше шақырымға дейін ұлғаюы Арал маңын­дағы балық шаруашылығына, жалпы әлеу­меттік-экономикалық ахуалға жағым­ды әсер етті. «Арал» геопаркі құрылды. Бұл – ау­мақ­тың орнықты даму үлгісі бола алатын біре­гей табиғи әрі ғылыми нысан. Жобаның бас­ты мақсаты – Арал теңізінің табиғи-эко­логиялық және тарихи мұрасын сақтау. Қа­зір оны ЮНЕСКО геопарктері жаһандық же­лісінің нысандары қатарына қосу бойын­ша жұмыс жүргізіліп жатыр. Осылайша, Қа­зақстанның төрағалығы Қордың тиім­ділігін көтеруге бағытталды. Қолдау көр­се­тіп, бірлесе әрекет еткен барлық құрылтай­шы мемлекеттерге шынайы алғысымды айтамын, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, бү­гін­гі жетістіктерге қарамастан, экологиялық қатерлердің өсу қарқыны оны төмендету мақсатында қабылданған шаралардан асып түседі. Мұны Арал теңізі бассейнінің қазіргі жағдайын талдау нәтижелері көрсетіп отыр. Президент су проблематикасын аймақ елде­ріне ортақ әрі халықаралық қоғамдастық на­зар аударатын өзекті мәселе ретінде қарас­тыруға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев су саласын цифр­ландыруды, соның ішінде Сырдария мен Әму­дария бассейндерінде мониторинг жүр­гізудің бірыңғай автоматтандырылған жүйе­сін енгізуді басты міндет ретінде атады. Бұл тетік деректердің ашықтығы мен нақ­ты­л­ығын қамтамасыз етеді.
Мемлекет басшысының пікірінше, ай­мақ­тағы су мәселелері мен экологиялық сын-қатерлер арта түскен сәтте өзара ке­лі­сімге келіп, кедергілерді бірлесіп еңсеру үшін күш-жігер жұмылдыру, бірлік таныту – өте маңызды.
– Баршаңызға белгілі, Қырғыз Респуб­ли­­­касының қордағы қызметі тоқтап тұр. Бұл – Қырғыз мемлекетінің өз еркі. Қазақ­стан оған құрметпен қарайды. Бұл ретте Қа­зақстан ведомстволар арасындағы жұмыс дең­гейінде Қырғыз Республикасымен бай­ла­ныстың дамуын жоғары бағалайды және қарым-қатынасты одан әрі жандандыруға дайын. Орталық Азияның орнықты дамуы үшін Қырғыз Республикасының тәжірибесі өте маңызды. Сондықтан еліміз Қырғыз Рес­­­­публикасының Халықаралық Аралды құт­қару қорындағы қызметін ертелі-кеш жаңғыртады деп есептейді. Біз бұған тек қуа­нар едік. Қордың аймақтағы рөлін ны­ғайту мақсатында көпжақты ықпал­дас­тық­тың түрлі форматында, соның ішінде Кон­суль­тативтік кездесулердің күн тәртібінде су мә­селесін қарастыруды ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, Президент сұранысқа ие жо­балардың қосымша қорын жасақтау үшін халықаралық ұйымдармен, донор­лар­мен және қаржы институттарымен бірлес­кен жұмысты күшейтудің маңызына тоқ­тал­ды.
– Бүгін Өңірлік экологиялық саммиттің пленарлық отырысында БҰҰ-ның маман­дан­дырылған институты ретінде Халық­ара­лық су ұйымын құру туралы бастаманы қай­та көтердім. Мұндай құрылымды жасақ­тау – уақыт талабы. Бұл бастаманы халық­ара­­лық су қоғамдастығы да қолдап отыр. Атал­ған тетік аймақтағы су қауіпсіздігін сақ­тау мәселесінде әлемдік қауымдастықтың күш-жігерін шоғырландыруға ықпал етеді. Сондықтан осы бастамаға қолдау көр­се­ту­ле­ріңізді сұраймын. Тіпті, оны Біріккен Ұлт­тар Ұйымына Орталық Азия елдерінің ортақ жобасы ретінде ұсынуға болады. Осы­лайша, Орталық Азияның бірқатар мем­ле­кет­терінің астаналарында UN Water ұйымы­ның жекелеген сегменттерін ашуға мүмкін­дік туады. Бұдан бөлек, БҰҰ аясында Арал су жүйесінің, Әмудария мен Сырдария өзен­­дерінің халықаралық күндерін бекіту туралы бірлесіп бастама көтерген жөн. Сол ар­қылы Аралдың су экожүйесін сақтау мә­­се­лесіне әлем назарын аудара аламыз. Мен айтқан ұсыныстардың барлығы біздің ор­тақ мүддемізге сай келеді. Бұл – саяси по­пу­лизм емес, оның ешқандай астары да жоқ, – деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Арал тағдыры – аймақ елдеріне төнген зор эко­логиялық қауіп-қатер ғана емес, нақты нә­­ти­­жеге жету жолындағы әрекеттердің сы­­налар шағы екенін айтты.
– Аймақтың тағдыры тек қана өз қолы­мызда, сенімді диалог пен елдеріміз арасын­дағы тығыз ынтымақтастыққа тікелей бай­­ла­нысты. Құрметті әріптестер, прези­дент­­тер, қадірлі бауырлар, бәріңіз су мәселе­сінің маңызын жақсы түсінетін ықпалды әрі тәжірибелі азаматсыздар. Өңірде су бол­маса, Орталық Азия елдерінің де күні қа­раң. Су жастарымыздың тұрмысын жақ­сар­­тып, болашағын жарқын етеді. «Су – тір­шілік көзі». Бүгінгі саммит Халықаралық Арал­ды құтқару қорының қызметіне тың сер­пін беріп, халықтарымыздың игілігі жо­лын­дағы өңірлік өзара ықпалдастықтың жаңа кезеңіне айналады деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.
Кеңес отырысында Қырғыз Респуб­ли­ка­сының Президенті Садыр Жапаров, Тә­жік­стан Президенті Эмомали Рахмон, Тү­рік­менстан Президенті Сердар Берді­мұха­медов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мир­зиёев, Халықаралық Аралды құтқару қоры Атқарушы комитетінің төрағасы Асхат Оразбай сөз сөйледі.
Саммит қорытындысы бойынша «Ха­лық­­аралық Аралды құтқару қорына Қа­зақ­стан Республикасының төрағалық ету бары­сы туралы» Халықаралық Аралды құт­қару қоры құрылтайшы мемлекеттер бас­шыларының шешімі; «26 наурызды Арал теңі­зінің, Әмудария мен Сырдария өзен­дері­нің халықаралық күні деп жариялау жө­нінде» Халықаралық Аралды құтқару қо­ры құрылтайшы мемлекеттер басшы­лары­ның шешімі; «Халықаралық Аралды құт­қару қорының Президентін сайлау тура­лы» Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттер басшыларының ше­шімі; Халықаралық Аралды құтқару қо­ры құрылтайшы мемлекеттер бас­шы­лары­ның Астана мәлімдемесі сияқты құжаттарға қол қойылды.

Ортақ қауіп, ортақ жауап

Өңірлік экологиялық саммит аясында жо­ғары деңгейдегі екіжақты және көпжақты кездесулер легі де жалғасып жатыр. Халық­аралық диалог алаңына айналған басқосу тек экологиялық мәселелерді талқылаумен шек­телмей, мемлекетаралық ынтымақтас­тық­ты жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беріп отыр.
Саммит шеңберінде Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Кавелашвилимен кездесу өткізді. Келіссөздер барысында тараптар қазақ-грузин қарым-қатынасының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын тал­қылады. Мемлекет басшысы Грузияның Қа­зақстан үшін Оңтүстік Кавказдағы сенім­ді серіктес екенін атап өтіп, өзара ықпал­дас­­тықты тереңдетуге дайын екенін жет­кіз­ді. Президенттер сауда-экономикалық бай­ланыстарды кеңейту, бірлескен инф­ра­құрылымдық және инвестициялық жоба­лар­ды жүзеге асыру, сондай-ақ көлік-тран­зит әлеуетін тиімді пайдалану мәселелеріне ерек­ше назар аударды. Сонымен қатар жаһан­дық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасты.
Саммит аясындағы маңызды кез­де­сулер­дің бірі Тедрос Адханом Гебрейесуспен өтті. Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Дү­ниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ара­сындағы ынтымақтастықтың қазіргі дең­гейі мен келешегі қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев ұйыммен әріптестіктің сапалы жаңа кезеңге көтерілгенін атап өтіп, жаһандық бастамаларға көрсетіліп отырған қолдауы үшін алғыс білдірді. Кездесуде кли­мат пен денсаулық сақтау салаларындағы бір­лескен зерттеулер, цифрлық транс­фор­мация және медицинаға жасанды интел­лек­тіні енгізу мәселелері талқыланды. Өз ке­зе­гінде ДДҰ басшысы Қазақстандағы ре­фор­малардың нәтижесіне жоғары баға беріп, елдің экология мен су қауіпсіздігі бағы­тындағы бастамаларын қолдайтынын жет­кізді. Кездесу қорытындысында Қазақ­стан­ға дәрілік заттар айналымын реттеу жүйе­сі бойынша үшінші деңгей берілгенін рас­тай­тын құжат табысталды. Бұл – ұлттық ба­қылау жүйесінің сенімділігін айғақтайтын маңызды көрсеткіш. Қазақстан мұндай нәтижеге ТМД кеңістігінде алғаш, ал Еуропа ай­мағында төртінші болып қол жеткізіп отыр.
Президент сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйы­мының жоғары өкілдер делегациясымен кез­десті. Мемлекет басшысы мұндай ауқым­ды құрамның келуі Орталық Азиядағы және одан тыс аймақтардағы экологиялық мәсе­ле­лерді шешуде ұйымның рөлін күшейтуге мүм­кіндік беретінін атап өтті. Ол қазіргі гео­саяси тұрақсыздық жағдайында кли­мат­тың өзгеруі, қоршаған ортаның нашарлауы және су тапшылығы секілді сын-қатерлерге қарсы бірлескен іс-қимылдың маңызы арта түс­кенін айтты. Президент БҰҰ-ның жаһан­дық мәселелерді шешудегі баламасыз әмбе­бап платформа ретіндегі рөліне тоқталып, ұйым­ның тиімділігін арттыруға бағыттал­ған бастамаларды қолдайтынын жеткізді.
Кездесуге қатысқан халықаралық құры­лым­дардың өкілдері саммиттің жоғары дең­гейде ұйымдастырылғанына тоқталып, Қа­­зақстан бастамаларының өзектілігіне на­зар аударды. Сонымен қатар тараптар кли­мат, су қауіпсіздігі, апаттардың алдын алу жә­­не азық-түлік тұрақтылығы бағы­тын­дағы жо­­баларды талқылады. Президент БҰҰ ая­сын­да Халықаралық су ұйымын құру идея­сын тағы да көтеріп, Алматыда жұмыс істей­-
тін өңір­лік орталықтың маңызы тура­лы 
айт­ты.
Саммит аясында Феридун Синирлиоғ­лы­мен де кездесу өтті. Еуропадағы қауіп­сіз­дік және ынтымақтастық ұйымы бас хат­шысымен келіссөздер барысында орнықты даму, климаттық тұрақтылық, су ресурс­тарын басқару және экономикалық бай­ла­ныс­тарды кеңейту мәселелері талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ұйым­­мен үш өлшем бойынша ынты­мақ­тас­тықты нығайтуға мүдделі екенін атап өтті. Сонымен қатар елімізде жүргізіліп жатқан саяси және институционалдық рефор­ма­ларға тоқталып, құқық үстемдігі мен есеп­т­і­лік қағидаттарының күшейтіліп жатқа­нын айтты. Өз кезегінде Феридун Синир­лиоғлы Қазақстанның өңірлік экологиялық күн тәртібін қалыптастырудағы рөліне жо­ғары баға берді.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы халық­аралық конвенциялар жетекшілерімен жеке кездесу өткізді. Онда қоршаған ортаны қор­ғау және биоалуантүрлілікті сақтау ба­ғытындағы бастамаларды іске асыру жол­дары қарастырылды. Президент халық­ара­лық ұйымдардың тәжірибесі өңірдегі эко­логиялық мәселелерді шешуде нақты те­тік­тер ұсынуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Халықаралық ұйым өкілдері де саммит жұ­мысына оң баға беріп, Қазақстанның «Таза Қазақстан» секілді бастамаларын қол­дайтынын жеткізді. Сарапшылардың пі­кірін­ше, Астанада өтіп жатқан бұл саммит тек пікір алмасу алаңы ғана емес, өңірлік және жаһандық экологиялық саясаттың жаңа бағдарын айқындайтын маңызды кезеңге айналып отыр.

Жұмабек Сарабеков,
саясаттанушы:

Басты мәселе қабылданған құжаттардың саны емес…

Кейінгі бесжылдықта ғаламдық жылыну, қоршаған ортаны қорғау деген сияқты стратегиялық маңыз­ға ие мәселелер әлемдік саясаттың күн тәртібінен алыстап кеткенін бай­қауға болады. Оған өзіндік се­беп­тер де бар. Пандемия, бесінші жыл­ға ұласқан Украинадағы дағ­дарыс, АҚШ пен Қытай арасындағы тарифтік текетірес. Ақпан айынан бері бұл тізімде Иран төңірегіндегі соғыс қимылдары қосылды.
Одан бөлек, әлемдегі климаттың өзгеруіне бейімделу процесінде бұрын көш бастап келе жатқан Америка Құрама Штаттарындағы сая­си әкімшіліктің өзгергенін де айтқан жөн. Ақ үйдің бүгінгі қо­жайыны Дональд Трамп жаһандық жылыну сияқты мәселелерге басы ауырмайтынын ашық айтып отыр.
Тіпті, БҰҰ Бас Ассамблеясында былтыр сөйлеген сөзінде Дональд  Трамп ғаламдық жылыну проблемасын жоққа шығарып, ал жасыл энер­гетиканы дамыту барып тұрған алаяқтық деген сияқты мәлім­демелер жасап, үлкен резонанс туғызғаны есімізде.
Дегенмен де жер шарындағы климаттың өзгеруі шынымен жүріп жатқанын және оның салдарының қаншалықты қауіпті екенін әлем елдері өз көздерімен көріп отыр. Ғалымдардың есебінше, ауа райының өзгеруімен байланысты табиғи катаклизмдер саны соңғы онжылдықта 4-5 есеге өсіп кеткен. Одан бөлек, 2015-2025 жылдар адамзат тарихындағы соңғы 170 жыл ішіндегі ең ыстық онжылдық ретінде ресми тіркелген. Табиғи апаттың кесірін бірнеше жыл бұрын Қазақстан да өз басынан өткерді.
Яғни, әлемдік саясаттағы қысқа мерзімдік өзгерістер мен жаңа бет-бұрыстарға қарамастан, стратегиялық тұрғыда ғаламдық кли­мат­тың өзгеру проблемасы ешқайда кете қоймайтыны анық. Оның үстіне, ауа-райының өзгеруімен байланысты шұғыл мәселелердің ауқымы уақыт өте келе тек ұлғая беретіні де түсінікті.
Бұл тұрғыда әлемде экология төңірегіндегі әріптестікті нығайту, кли­маттың өзгеруіне бейімделу бойынша үкіметтер мен халықаралық ұйымдар және жаһандық бизнестің күшін біріктіру бойынша плат­формалар өзекті бола бастады. Себебі климат проблемасы ешқандай шекараны мойындамайтынын және мұндай аса күрделі мәселені ешбір мемлекет жеке басымен шеше алмайтыны белгілі. Осы күндері Аста­нада өтіп жатқан Аймақтық экологиялық саммитті де осы кон­тексте қарағанымыз жөн.
Орталық Азия – климатқа байланысты стреске душар болып отырған бірден-бір аймақ. Болжамдарға сәйкес, 2050 жылға қарай аймақ­тағы су тапшылығы проблемасы күрт өсіп, жүйелі сипатқа ие болуы мүмкін. Оған қоса, аймақтағы жалпы халық саны 90 млн адам­­нан асып түспек. Климаттың өзгеруі себебінен тіпті ауқымды миг­рациялық толқындар туындау қаупі бар.
Нәтижесінде, климаттың өзгеруі экология шеңберінен шығып, экономикалық және ұлттық қауіпсіздік факторына айналып келеді. Әсіресе, су тапшылығы Орталық Азия экономикалары үшін өмірлік маңыз­ы бар ауыл шаруашылығы, энергетика және өнеркәсіп сектор­ларына тікелей қысым түсіреді.
Егер аймақ деңгейінде климаттың өзгеруі бойынша қандай да бір оңтайлы шешімдер табылмаса, Орталық Азияның ішінде ресурс­тар үшін өзара бәсекелестік орын алып, жаңа қақтығыстарға да алып келуі әбден ықтимал.
Осы тұрғыда Астанада өтіп жатқан Аймақтық экологиялық сам­миттің қорытындылары ерекше мәнге ие. Форум аясында Орта­лық Азия мемлекет басшылары «Орталық Азияның экологиялық ынтымақтастығы» атты бірлескен декларация қабылдайды деп күтілу­де. Одан бөлек, БҰҰ агенттіктерімен бірлесіп 2026-2030 жыл­дар­ға арналған Өңірлік іс-қимыл бағдарламасын бекіту жоспар­лануда.
Жалпы алғанда, саммит аясында 51 құжатқа қол қою жоспар­ланып отыр. Мұндай ауқым саммиттің тек пікір алмасу үшін емес, нақты шешімдер қалыптастыруға бағытталғанын көрсетеді. Деген­мен де бұл келісімдердің тиімділігі олардың қаншалықты жүзеге асатынына тікелей байланысты болмақ. Себебі басты мәселе қабыл­данған құжаттардың саны емес, оларды орындау механизмдері және жоспарланған жобаларды тиісті түрде қаржыландыру.

Жансая Нұрәлиева,
Қоғамдық саясат институты сарапшысы:

Аймақтың әр тұрғынына әсер ететін шешімдер қабылданады

– Өңірлік экологиялық форум кейінгі жылдары Орта­лық Азиядағы экологиялық қауіпсіздік пен тұрақты даму мәселелерін талқылайтын маңызды халықаралық алаң­дардың біріне айналып келеді. Бұл форум аймақтағы мемлекеттердің ортақ табиғи ресурстарды тиімді пайда­лану, климаттың өзгеруі салдарын азайту және экология­лық саясатты үйлестіру бағытындағы ынтымақтастығын ны­ғайтуға бағытталған. Орталық Азия елдері үшін, әсіресе, су тапшылығы, шөлейттену, трансшекаралық өзендердің жағдайы секілді мәселелер ұлттық деңгейде шешу аздық етеді. Аймақтың әр тұрғынына әсер ететін маңызды мәселелер өңірлік экологиялық дипломатия арқылы шешімін табады. Сол себепті де осындай институционалды деңгейге көтерілген жиындардың саяси және практикалық маңызы артып отыр.
Диалог алаңын өткізу бастамасын Президент Қ.Тоқаев 2023 жылғы қыркүйекте Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Бас Ассамблеясының 78-сессиясында ұсынған. БҰҰ – саммиттің стра­тегиялық әріптесі. Қазақстан тарапынан көтеріліп, оны халықаралық экологиялық дип­ломатияның бір бөлігі ретінде дамыту ұсынылды. Бұл идеяны халықаралық мінберлерде Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет атап өтіп, Орталық Азияны экологиялық ынтымақ­тас­тық­тың үлгі тұтарлық өңіріне айналдыру қажеттігін айтты. Қазақстанның бұл бастамасы көршілес мемлекеттер тарапынан қолдау тауып, форум аясында экологиялық проб­лемаларды бірлесіп шешу ғана емес, жасыл технологияларды енгізу, көміртегі бей­тараптығына көшу және табиғи ресурстарды сақтау жөніндегі ортақ тәсілдер де тал­қыланады.
Өңірлік экологиялық саммиттің қалыптасуына халықаралық ұйымдар да елеулі үлес қосып отыр. Атап айтқанда, БҰҰ-ның 16 агенттігі, Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, Еуропа­дағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы секілді құрылымдар форумның сараптамалық және институционалдық мазмұнын күшейтуге қатысады. Бұл ұйымдар өңір елдеріне экологиялық жобаларды қаржыландыру, ғылыми зерттеулер жүргізу, жаңа технологиялар енгізу және халықаралық тәжірибені бейімдеу бағытында қолдау көрсетеді. БҰҰ құрылымдарының қатысуы форумның беделін арттырып қана қоймай, көтерілген мәселелердің жаһандық күн тәртібімен сабақтас екенін көрсетеді. Саммит БҰҰ-ның 7 тұрақты мақсатын жүзеге асыруды көздейді. Оның ішінде таза су және санитария, тұрақты қалалар мен елді мекендер, климат өзгеруімен күрес, теңіз және құрлық экожүйелерін сақтау сияқты БҰҰ аясындағы тұрақты мақсаттар қамтылған.

Тэгтер:

экология саясат