Ұлттық ұлан «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің психолог мамандары Ақтөбе қаласына жиналып, оқу-әдістемелік жиын өткізді. Аталған жиынға Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Жаңаөзен және Орал қалаларында орналасқан әскери бөлімдердің психологтары қатысты. Үш күнге созылған маңызды іс-шара Ақтөбе қаласындағы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында ұйымдастырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқу-әдістемелік жиынның негізгі мақсаты – әскери психологтардың кәсіби деңгейін арттыру, тәжірибе алмасу және әскери қызметшілерге көрсетілетін психологиялық қолдау тетіктерін жетілдіру болды.
Жиын барысында университеттің білікті оқытушылары мен мамандары әскери қызметшілердің психоэмоционалдық жай-күйін бағалау, күйзеліс пен дағдарыс жағдайларында психологиялық көмек көрсету, сондай-ақ әскери ортада тиімді коммуникация орнату бағытында дәрістер мен тәжірибелік сабақтар өткізді.
Іс-шараны ұйымдастырушы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы басқармасының бастығы полковник Жандос Құлбаевтың айтуынша, мұндай оқу-әдістемелік жиындар әскери психологтардың кәсіби даярлығын жүйелі түрде жетілдіруге мүмкіндік береді.
— Бүгінгі таңда әскери қызметшілердің психологиялық тұрақтылығы – жауынгерлік әзірліктің маңызды құрамдас бөлігі. Сондықтан біз психолог мамандардың біліктілігін арттыруға ерекше мән береміз. Осындай жиындар тәжірибе алмасуға, заманауи әдіс-тәсілдерді меңгеруге және қызмет сапасын арттыруға үлкен септігін тигізеді. Бұл – сарбаздардың моральдық-психологиялық ахуалын нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі, – деді полковник Жандос Құлбаев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай оқу-әдістемелік жиындар алдағы уақытта да жалғасын тауып, әскери психологтардың қызмет тиімділігін арттыруға оң ықпал етпек.