Ақжайықта би керуені: «Салтанат» 1000-нан астам көрермен жинады

Бүгін, 12:30 / Дана Ізтілеуова

Батыс Қазақстан облысында ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің 70 жылдық мерейтойы мен Халықаралық би күніне орай «Ел салтанаты» атты концерті өтті. Атаулы кешке 1000-нан астам көрермен жиналып, зал толық аншлагпен өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Концерт барысында 40-қа жуық балет әртісі ұлттық және әлем халықтарының мәдениетін қамтыған 22 би қойылымын сахналады. Бағдарламада қазақ биімен қатар түрлі этностардың хореографиялық туындылары ұсынылып, көрерменге кең ауқымды мәдени палитра ұсынылды.

Айта кету керек, ансамбль бұған дейін «Би керуені» жобасы аясында еліміздің бірқатар өңірлері мен ірі қалаларында өнер көрсетіп, ұлттық би өнерін кеңінен насихаттаған болатын. Осы жолы өнер керуені қасиетті Ақжайық өңіріне жетіп, көрерменнің жоғары ықыласына ие болды.

Жоба аясындағы гастрольдік сапарлар ұлттық хореографияны жаңаша форматта танытып, өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайтуға серпін беруде.