«Жастарға жұмыс» жәрмеңкесі – университетті енді бітірген жастарға жұмыс табуға септігін тигізетін айрықша іс-шара. Ол жас мамандарға еңбекке араласып, өз мамандығы бойынша жұмыс табуға мүмкіндік береді. Мұндай жәрмеңкелерде жұмыс берушілер жас түлектерге арналған бос орындарын ұсынып, олармен тікелей сұхбат жүргізеді. Сонымен қатар, қатысушылар резюме тапсырып, кәсіби кеңес алып, түрлі компаниялармен таныса алады. Бүгінде аймақтарда осы жәрмеңке арқылы жұмысқа тұрған жастар қаншама. «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен «Жастарға жұмыс» жәрмеңкесі де көп жастың жұмыс табуына сеп болды. Жәрмеңкеге Сауран ауданы мен Түркістан, Кентау қалаларындағы 30-дан астам ұйым қатысып, 700-ден астам бос жұмыс орындарын ұсынды. Іс-шара барысында 300-ге жуық тұрғын жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасып, өз мамандығына сәйкес жұмыс табу мүмкіндігіне ие болды. Сондай тұрғынның бірі – Түркістан қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне келісімшарт негізінде жұмысқа тұрған Әлиасқар Бекарыс.
«2000 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданында дүниеге келгенмін. Мақтаарал ауданындағы №45 мектепті аяқтап, Қожа Аxмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығына түстім. Қазақ, ағылшын, түрік, орыс, өзбек тілін меңгергенмін. 2023 жылы жоғары оқу орнын аяқтаған соң жеке секторда жұмыс істедім. 2024 жылдың қараша айында «AMANAT» партиясының «Жастарға жұмыс» жобасы аясында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіліп жатқанын естідім. Ести сала, осы жәрмеңке жайлы сұрастырып, барып, құжат тапсырдым. Бірден келісімшарт негізінде Түркістан қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне статист болып жұмысқа тұрдым. Келген соң білмегенімді үйреніп, өзімді көрсетуге тырыстым. 2025 жылдың шілдесінде осы мекемеде бас маман лауазымы босап, конкурс арқылы сол орынға ауыстым. Бас маман ретінде міндетіме тұрғындарға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, әлеуметтік көмек көрсету, яғни әлеуметтік көмектің түрлерін халыққа жеткізу, насихаттау, ісі кіреді. Ең бастысы, жұмысым өзіме ұнайды», – дейді ол.
Бекарыс «Жастарға жұмыс» жобасының жастарға жол ашатынын, сол себепті жәрмеңкені барынша жиі ұйымдастыру қажеттігін айтады.
«Жастарға жұмыс» жәрмеңкесін жиі ұйымдастыру керек деп ойлаймын. Жастар «жұмыс жоқ» дегенді жиі айтады. Жұмыс жоқ емес, бар. Тек соны жастарға көрсете білу керек. Бос жұмыс орындарын ұсынып, таңдата білу керек. Жастар жалындап тұр. Күш-қуаты тассып тұрған соң әр салада жұмыс істеп, өздерін сынап көргісі келеді, өздерің оң жамбасына келетін саланы іздейді. Осындай жәрмеңкелер арқылы жастарға нақты жұмыстарды ұсынуға болады. Неғұрлым көбірек ұйымдастырылса, жастардың көбі жұмыспен қамтылар еді», – дейді ол.
Бекарыс болашағын да мемлекеттік қызметпен байланыстырмақ.
«Болашағымды мемлекеттік қызметтен көремін. Министрлікте еңбек етіп көргім келеді. Бұдан да жоғары лауазымға ауысып, еліме адал қызмет етсем деймін. Елімнің өсіп-өнуіне, көркеюіне үлес қосқым келеді. Ел-жерге нақты пайдам тиетіндей шешімдер мен идеяларымды ұсынғым келеді. Мемлекеттік қызмет өзіме ұнайды», – дейді ол.