Маңғыстауда 72 жастағы әже екі күнде көлік жүргізуді меңгеріп алды

Бүгін, 11:57 / Інжу Әлихан
Маңғыстау облысы ҚКО

Маңғыстаулық 72 жастағы Қызылгүл Кульчикованың жаңашылдыққа құмарлығы мен ширақтығы желі қолданушыларын таң қалдырды. Бүгінде кейуана бала күнгі арманын орындап, көлік жүргізеді. Ең қызығы Қызылгүл әже темір тұлпарды тізгіндеуді екі күн ішінде үйренген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, бала күнгі арман жетегінде ақ жаулықты ана алғашқы сабағында-ақ ерекше ынта-ықылас танытқан. Тіпті, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, екі сағаттың ішінде темір тұлпарды еркін тізгіндеп кеткен.

Қызылгүл әже табанды еңбекпен талай белесті еңсерген. Ол 40 жасында жесір қалып, алты баласын – үш ұл, үш қызын жалғыз өзі асырап өсірген. Сол жылдары нәпақа табу үшін базарға шығып, өз қолымен дайындаған балқаймағы мен шұбатын сатып еңбек еткен. Бүгінде қолынан өнері тамған ісмер ретінде танымал кейуана күнделікті спортты да серік еткен. Қыс-жаз демей таң ертең серуенге шығуды әдетке айналдырған ол, тіпті қолы сынып тұрған кезде де осы дағдысынан жаңылмаған.

Анасының бұл табандылығымен қызы Айжан Шамиева ерекше мақтанады.

«Шектеу тек мида, менің көзім көреді, жүргізіп білемін, мен осылай үйренгім келеді деп өз арманын орындады», - деді Айжан Шаммыева.

Бұл оқиға адамның мақсат қоя білсе, кез келген жаста жаңа белестерді бағындыра алатынының айқын дәлелі. Қазіргі таңда қолөнермен айналысып, әулеттің берекесі болып отырған Қызылгүл әже өз мысалымен «ештен кеш жақсы» деген қағиданы тағы бір мәрте растап берді.