Қарағанды облысында ауыр жүк автокөліктерінің жүруіне көліктік бақылауды күшейту бойынша кешенді шаралар жүргізілуде, деп хабарлайды turkystan.kz.
Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің аумақтық инспекциясы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 53 карьерді тексерді. Тексеру барысында 27 нысанда салмақ өлшеу жабдықтарының бар екені анықталды. Карьер иелеріне көлік заңнамасының талаптарын сақтау, оның ішінде салмақ өлшеу жабдықтарын орнату қажеттілігі туралы хабарламалар жолданды.
Сонымен қатар, карьер иелерімен кеңес өткізіліп, оның қорытындысы бойынша қажетті жабдықтардың, соның ішінде салмақ өлшеу құрылғыларының бар-жоғын анықтау мақсатында карьерлерді паспорттау жүргізу туралы шешім қабылданды.
Айта кету керек, Қарағанды облысы кен орындарының саны көп өңірлердің бірі болып табылады. 2026 жылдың басынан бері инспекция тарапынан жүк жөнелтуші-жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты профилактикалық бақылаудың 22 іс-шарасы өткізілді. Нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою бойынша ұсынымдар берілді.
Автомобиль жолдарының сақталуын қамтамасыз етудің негізгі құралдарының бірі – автоматтандырылған өлшеу станцияларын (АӨС) енгізу болып табылады. Қазіргі уақытта облыста осындай 6 станция жұмыс істейді: оның 5-еуі республикалық маңызы бар жолдарда, 1-еуі жергілікті желіде орналасқан.
Жыл басынан бері АӨС жүйесі арқылы 2595 өлшеу жүргізілді. Нәтижесінде жалпы сомасы 322,8 млн теңгеден асатын 683 нұсқама шығарылды.
2026 жылы тағы 3 АӨС орнату жоспарлануда (оның 2-еуі республикалық желіде, 1-еуі жергілікті желіде). 2028 жылға дейін қосымша 7 станция облыстың республикалық жолдарында орнатылады.
2026 жылғы 26 наурыздан бастап жергілікті атқарушы органдар мен Полиция департаментінің қатысуымен бірлескен рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Рейд барысында 41 автокөлік тексеріліп, оның 29-ында салмақ нормасының асып кетуі анықталды. 53 әкімшілік хаттама толтырылды.