«Қазақтың бір әнін ұқсатқан емес, қалай ұялмай баға береді»: Мақпал Жүнісова әріптестерін сынға алды (ВИДЕО)

Бүгін, 07:48 / Нұрлан Әлинұр
Коллаж: turkystan.kz

2013 жылы X-Factor жобасына қатысқан әнші Nura сол кезеңдегі естелігімен бөлісіп, байқауда естіген "жоқ" жауабы өзіне қалай әсер еткенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ол әлеуметтік желіде X-Factor сахнасында қорықпағандай кейіп танытып, күлімсіреп тұрғанын, алайда ішінде бәрі қысылып тұрғанын жазды.

"2013 жыл. X-Factor. Мен сахнада тұрдым да, қорықпағандай кейіп таныттым. Күлімсіреп тұрдым, бірақ ішімде бәрі қысылып тұрған еді. Сосын "жоқ" деген жауап естідім. Сен басыңды изеп, алғыс айтып тұрасың... Бірақ ішіңде кішкентай сызат пайда болады. Себебі саған "жоқ" десе, ол "сен жеткіліксізсің" дегендей сезіледі.
Кейін кішкентай кезімдегі өзіме қарадым. Арманы өзінен де үлкен қыз еді. Ол тіпті ренжімес еді. "Қойшы, бәрібір" дер еді. Өйткені ол қазылар үшін де, мақұлдау үшін де ән айтқан жоқ. Ол ән айтуды жақсы көргені үшін айтты.
Егер бір кездері сізге "жоқ" десе, сізді таңдамаған болса, сенбесе, қолдамаса – бұл соңы емес. Бұл – біреудің ғана пікірі. Ал сіздің арманыңыз – сіздің жауапкершілігіңіз. Үш "жоқ" деген сөз сіздің ішкі бір "иә" деген дауысыңызды өшіріп жібермесін", – деп жазды әнші.

Бұл жазбаға әнші Мақпал Жүнісова да пікір білдіріп, қазылар алқасын сынға алды.

"Осы әділқазының екеуі де өз ұлтының бір әнін де ұқсатқан емес, қалай ұялмай баға береді екен деген ой келеді...", – деп жазды ол.

Айта кетейік, сол жылдары X-Factor жобасының қазылар алқасында Нағима Есқалиева мен Ерлан Көкеев болған.