ШҚО-да жоғалып кеткен 3 жастағы бүлдіршін үйінен 4 км жерден табылды

Бүгін, 23:48 / Жамбыл Жайлау
Polisia.kz

Шығыс Қазақстан облысында 3 жастағы қыздың жоғалып кетуі бір отбасы үшін үлкен сынаққа айналды. Бұл туралы Almaty.tv хабарлады, деп жазады turkystan.kz.

Мәліметке сәйкес, кішкентай қыз үйден байқатпай шығып кеткен. Үлкендер небәрі бірнеше минуттың ішінде баладан көз жазып қалған. Алғашында ата-анасы өз бетімен іздегенімен, нәтиже болмаған соң, жарты сағаттан кейін "102" қызметіне хабарласқан.

Оқиғаға жедел әрекет еткен полиция қызметкерлері дереу іздестіру жұмыстарын бастап, барлық күшті жұмылдырған. Тәртіп сақшылары аулаларды, көшелерді және шет аймақтарды толық тексеріп, тұрғындардан сұрастырған.

Іздеу жұмыстары шамамен 4,5 сағатқа созылды. Ақыры бүлдіршін үйінен 4 шақырым қашықтықтағы көл маңынан табылды. Оны жедел уәкіл Медет Жансейітов анықтаған.

Полицейлердің үйлесімді әрекетінің арқасында қыз аман-есен табылып, оның өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ екені белгілі болды. Қыздың анасы құқық қорғау қызметкерлеріне алғысын білдіріп, олардың жеделдігі мен қырағылығын ерекше атап өтті.

Тэгтер:

ШҚО Бүлдіршін