Қытайлық мұғалім 276 баланы асырап алған

Бүгін, 20:16 / Жамбыл Жайлау
scmp.com

Қытайда дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бай Цзянь 276 баланы асырап алып, оларды спортқа тәрбиелеуімен көпке танылды, деп turkystan.kz тілшісі South China Morning Post басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

52 жастағы ұстаз бүгінде "Қытайдың супер әкесі" атанып кеткен. Ол алғашқы баланы 1995 жылы қамқорлығына алған. Сол кезде мектепке жаңа орналасқан мұғалім сабақтан жиі қалатын әрі сыныптастарынан тамақ сұрайтын баланың тағдырына алаңдап, оның ата-анасы жоқ екенін білген соң үйіне алып кеткен.

Осыдан кейін Бай Цзянь тағдыр тауқыметін көрген балаларға жүйелі түрде көмектесе бастайды. Оларды асырау үшін қосымша жұмыс істеп, қарыз алып, тіпті туған-туыстарынан қолдау сұраған. Барлық балаларын спортқа баулып, тәртіп пен еңбекке үйреткен.

Мұғалім күн сайын балаларды таңғы 4:30-да оятып, жүгіруге шығарады. Қандай ауа райы болса да, олар күніне 12 шақырымнан астам қашықтықты еңсереді.

"Спорт – әділ. Қанша еңбек етсең, сонша нәтиже аласың", – дейді ол.

Бүгінде оның тәрбиесін көрген балалардың көбі кәсіби спортшы атанып, кейбірі жоғары оқу орындарында ұстаз, мемлекеттік қызметкер немесе әскери салада еңбек етуде.

Бай Цзянь тек 46 жасында ғана отбасын құрған. Бұған дейін оның қайырымдылыққа толы өмір салтын қабылдай алмағандықтан, көптеген қыздар одан бас тартқан. 2020 жылы оның өз ұлы дүниеге келген.

"Мен шаршауды білмеймін. Балаларды және спортты жақсы көремін. Күн сайын сүйікті ісіммен айналысамын", – дейді ол.

Тэгтер:

мектеп Қытай мұғалім Бала