Құлсарыда балалар дер кезінде полиция шақырып, аналарын құтқарып қалды

Бүгін, 17:39 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

22 сәуір күні кешкі уақытта балалар үйлеріне кіре алмай тұрғанын полицияға мәлім еткен, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға орнына жедел жеткен патрульдік полиция қызметкерлеріне көршілер пәтерден газдың иісі шығып жатқанын айтқан. Қауіптің жоғары екенін түсінген тәртіп сақшылары дереу әрекет етіп, пәтер есігін бұзып ішке кірген.

Пәтерден ес-түссіз жатқан әйел табылып, полицейлер жедел-жәрдемді күтпестен оны қызметтік автокөлікпен ауруханаға жеткізген.

Тексеру барысында пәтердің ас бөлмесінде газ плитасының бұрандалары ашық қалып, газдың таралғаны анықталды. Полиция қызметкерлері оқиға орнында қауіпсіздік шараларын қабылдап, газ-авариялық қызметті шақырды.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында тиісті тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция тұрғындарға тұрмыстық газды пайдалануда сақ болуды еске салады.