Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік қызметті дамыту мәселелері талқыланды

Бүгін, 15:40 / Дана Ізтілеуова

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Батыс Қазақстан облысының Орал қаласына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сапар аясында Агенттік төрағасы өңірлік жоғары оқу орындарының студенттерімен және жас мемлекеттік қызметшілермен кездесті. Кездесу барысында Дархан Жазықбай «Адал азаматқа» тән құндылықтар әрбір жастың бойынан табылуы тиіс екенін атап өтіп, заманауи білім арқылы ел дамуына үлес қосудың маңыздылығына тоқталды.

Сонымен қатар, ол жастарға мемлекеттік қызметтегі мүмкіндіктер туралы кеңінен ақпарат берді. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдету бағытында қабылданған шаралардың нәтижесінде жоғары оқу орнын GPA 3,33-тен төмен емес көрсеткішпен тәмамдаған 788 түлек аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурссыз қабылданып, еліміздің түрлі өңірлерінде қызмет атқаруда. Олардың 82-сі Батыс Қазақстан облысында еңбек етуде. Бұдан бөлек, білікті жастарды мемлекеттік қызметке тартуға бағытталған Президенттік жастар кадр резерві мен Өңірлік кадр резервтің артықшылықтары түсіндірілді. Кездесуге қатысушылар жастарды қолдауға бағытталған  жобаларға және жаңашылдықтарға қызығушылық танытып, өздерін қызықтырған сұрақтарын ортаға салды.

Сондай-ақ Дархан Жазықбай сапар барысында облыс активімен кездесу өткізді. Кездесу барысында Әділетті Қазақстанды құру жолында «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Адал азамат» қағидаттарын қоғамдық санада орнықтырудың өзектілігі атап өтті. Бұдан бөлек  сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, мемлекеттік қызметтерді алушылардың құқықтарын қорғау, кадрлық процестерді цифрландыру, мемлекеттік қызметке кіру тәртібін оңтайландыру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері талқыланып, «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң жобасындағы өзгерістер туралы айтылды.

Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай мемлекеттік қызмет ардагерлерін «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен марапаттады. Сонымен қатар лауазымдық міндетін үлгілі атқарған бірқатар мемлекеттік қызметшілерге және Мемлекеттік қызмет мектебінің тыңдаушысына Агенттік төрағасының Грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.

Жұмыс сапарының қорытындысы ретінде Агенттік төрағасы өңірлік «Aqjayiq» телеарнасына мемлекеттік қызметті дамытудың алдағы жоспарлары және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жайында сұхбат берді.