Қытайда шамамен 40 жастағы ер адам жүрек соғысы екі тәулікке жуық тоқтағанына қарамастан аман қалды. Бұл туралы Чжэцзян университетінің ауруханасы жедел жәрдем бөлімінің дәрігерлері мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Дәрігерлердің айтуынша, науқас ауыр жағдайда түскен. Алдын ала болжам бойынша, оған вирус әсер етіп, фульминантты миокардит, яғни жүрек бұлшықетінің жедел қабынуы дамыған.
Емдеу барысында науқастың жүрегі мен тынысы тоқтап қалған. Дефибрилляция бірнеше рет жасалғанымен, жүректің өздігінен соғуы қалпына келмеген. Осыған байланысты дәрігерлер ЭКМО аппаратын қолданған. Бұл құрылғы қан айналымын қамтамасыз етіп, ағзаны оттегімен қамтамасыз етеді.
Мамандардың айтуынша, 40 сағаттан астам уақыт бойы науқаста тиімді жүрек ырғағы болмаған. Соған қарамастан, кейін жүрек қызметі біртіндеп қалпына келе бастаған. Аппараттық қолдау шамамен 10 күнге созылып, кейін пациент кардиология бөліміне ауыстырылған.
Шамамен 20 күннен кейін ер адам есін жиып, ауыр асқынуларсыз ауруханадан шығарылған. Дәрігерлер мұндай жағдайлар өте сирек кездесетінін және жоғары технология мен дәрігерлердің үйлесімді жұмысының нәтижесі екенін атап өтті.