23 сәуірде Ұлттық кітап күні атап өтіледі. Ұлттық статистика бюросы осы күнге орай Қазақстан кітапханалары туралы қызықты деректерді ұсынды, деп хабарлайды turkystan.kz.
2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде көпшілікке арналған 3 912 кітапхана жұмыс істеді, онда 10 мыңнан астам адам еңбек етеді. Кітапханалардың жалпы санынан 14-і – жекеменшік. Олардың негізгі үлесі ауылдық жерлерде орналасқан – 3 343.
Кітапханалардың басым бөлігі әмбебап кітапханалар, саны – 3 866. Сонымен қатар 20 ғылыми, 19 арнайы және 7 өзге түрдегі кітапхана бар. Балаларға арналған 269 мекеме жұмыс істейді.
Кітапханалардың ең көбі Түркістан облысында орналасқан (388). Одан кейін Батыс Қазақстан (359), Ақмола (341) және Қостанай (336) облыстары тұр.
Барлық кітапханадағы жиынтық қор 110,3 млн басылымды құрайды, оның ішінде 69,6 млн – кітаптар. Ең ірі қор Алматы қаласында – 37,5 млн басылым.
2025 жылы кітапханаларға кітап оқушы қауым 55,2 млн рет барған. Келушілер саны бойынша Алматы көш бастап тұр – 5,4 млн. Сондай-ақ бару саны бойынша Солтүстік Қазақстан (4,6 млн) және Түркістан (4,1 млн) облыстарында да жоғары көрсеткіштер тіркелген.