Телефон алаяқтарынан қалай қорғану керек? – Полиция кеңесі

Бүгін, 09:33 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

"Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы аясында Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі — "Үлбі-ТВС" ЖШС ұжымымен профилактикалық кездесу өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жиынның басты тақырыбы — заманауи киберқылмыскерлердің жұмыс әдістері болды. ШҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Ильяс Бекпау алаяқтардың азаматтардың сеніміне кіру үшін қандай айла-тәсілдер қолданатынын егжей-тегжейлі түсіндірді. 

— Қазір қаскөйлер телефон нөмірлерін кәсіби түрде ауыстырып, өздерін банк менеджерлерінен бастап, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне дейін таныстыруды меңгерген. Ең басты ереже — хабарламадағы кодтарды ешкімге бермеу және біреудің нұсқауымен телефонға ешқандай қосымша орнатпау, — деп атап өтті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері. 

Сонымен қатар полицейлер жұмысшыларға алаяқтарға көмектескені үшін жүктелетін жауапкершілік туралы да ескертті. Бүгінде ақша аудару мақсатында өзінің банк карталарын немесе шоттарын бөгде тұлғаларға беру қылмысқа қатысушылық болып саналады. Мұндай әрекеттер үшін заңда бас бостандығынан айыруға дейінгі қатаң жаза қарастырылған. 

Кездесу барысында көрнекілік ретінде кәсіпорын қызметкерлеріне нақты мысалдар негізінде зардап шеккендердің жиі жіберетін қателіктері көрсетілген бейнероликтер ұсынылды. Шара соңында Ильяс Бекпау зауыт қызметкерлерінің сұрақтарына жауап беріп, ақпаратты тексеру және әлеуметтік желілердегі жеке мәліметтерді қорғау жолдарын түсіндірді. 

Тәртіп сақшылары мұндай кездесулер тұрғындардың қырағылығын арттырып, өңірдегі интернет-қылмыстардың санын азайтуға септігін тигізетініне сенімді.