Өңірлік экологиялық саммит–2026 аясында мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ИСЕСКО-ның Бас директоры Салим бен Мұхаммед әл-Мәлікпен кездесу өткізді, деп хабарлады мәдениет және ақпарат министрлігі.
Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен алдағы даму перспективаларын талқылады. Аида Балаева Қазақстан үшін мәдени мұраны сақтау мен оны халықаралық деңгейде дәріптеуге бағытталған бағдарламалар мен бастамаларға қатысудың айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
"Сіздің Қазақстан қалаларының біріне ислам әлемінің мәдени астанасы мәртебесін беру жөніндегі бастамаңыз Мемлекет басшысының қолдауына ие болды. Осыған байланысты Түркістан қаласын 2027 жылы ИСЕСКО-ның мәдени астанасы мәртебесіне ұсынуға дайын екенімізді растаймыз", – деді Аида Балаева.
Сондай-ақ, тараптар Түркістанның әлеуетін тек түркі дүниесінің рухани астанасы ретінде ғана емес, туристік және мәдени мүмкіндігі жоғары шаһар ретінде жан-жақты ашуға бағытталған, ұсынымдар мен алдағы іс-қимыл тетіктерін қамтитын бірлескен ынтымақтастық жоспарын әзірлеу мәселесіне ерекше назар аударды.
Қазақстанның мәдени мұрасын ИСЕСКО аясында халықаралық деңгейде ілгерілетуді күшейту мақсатында Аида Балаева түркі-ислам ою-өрнегі мен қолданбалы өнер фестивалін өткізуді ұсынды. Бұл бастама аясында қазақ ою-өрнегі, кілем тоқу өнері және зергерлік кәсіп бойынша көрмелер мен шеберлік сабақтарын ұйымдастыру жоспарланып отыр.