Зиян тағамға деген құмарлықты басудың күтпеген тәсілі табылды

Бүгін, 19:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Ғалымдар тағамға деген тәбетті тек тамақ жеу арқылы ғана емес, оны көру арқылы да реттеуге болатынын анықтады. Бұл туралы жаңа зерттеу нәтижелері көрсеткен, деп хабарлайды turkystan.kz vice.com-ға сілтеме жасап.

Зерттеуге сәйкес, бургер, тәтті торт немесе фастфуд суреттері мен видеоларын қарау керісінше, адамның ол тағамды аз жеуіне әсер етуі мүмкін. Себебі ми тағамды көргенде-ақ белгілі бір «қанағат сезімін» алады. Яғни адам тамақты жемей тұрып, оны тек көзбен қабылдаудың өзі аштық сезімін ішінара азайта алады. Нәтижесінде жоғары калориялы өнімдерге деген құштарлық төмендеуі мүмкін.

Эксперимент барысында қатысушыларға пайдалы және зиянды тағамдардың видеолары көрсетілген. Қызығы, диета ұстанатын адамдар «зиян» тағамдарға қатысты видеоларды көбірек қарап, соған көбірек назар аударған. Бірақ зертхана жағдайында керісінше нәтиже байқалған: мұндай контентті көп көргендер шоколадты аз жеген және аштық сезімі төмендеген.

Ғалымдардың айтуынша, бұл әсер әсіресе тағамды қатаң шектейтін адамдарда айқын байқалған. Олар үшін мұндай контент белгілі бір психологиялық «босаңсу» әсерін берген.

Дегенмен мамандар бұл әдісті біржақты шешім деп қарауға болмайтынын ескертеді. Зерттеу қысқа мерзімде және жас қатысушылар арасында жүргізілген, сондықтан күнделікті өмірде нәтиже әрдайым бірдей болмауы мүмкін.

Тэгтер:

тағам зиян