Бала ойнайтын алаңдардың қауіпсіздігін күшейту керек – депутат

22 сәуір, 2026 / Ербұлан Қайрат
сурет: parlam.kz

«AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Мархабат Жайымбетов Премьер-Министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдап, сауда және ойын-сауық орталықтарындағы балалар ойын алаңдарының қауіпсіздігіне қатысты жүйелі мәселелерді көтерді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда елімізде шамамен 7,9 млн шаршы метр сауда алаңы және 70 мыңға жуық сауда нысаны жұмыс істейді. Соның ішінде балаларға арналған ойын аймақтары кең таралғанымен, олардың қауіпсіздік талаптарына толық сәйкестігі күмән тудырады.

Сауалда күн сайын мұндай алаңдарға ондаған мың бала келетіндігі, ал демалыс және мереке күндері бұл көрсеткіш бірнеше есеге артатыны айтылған. Осыған байланысты депутат балалар қауіпсіздігі тек мекемелердің емес, мемлекеттің тікелей жауапкершілігі болуы тиіс екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Мархабат Жайымбетов ойын алаңдарының ғимарат ішіндегі орналасу тәжірибесіне назар аударып, олардың көбін жоғары қабаттарға орналастыру қауіпсіздік тұрғысынан қолайсыз болуы мүмкін екенін жеткізді. Оның пікірінше, адамдар көп жиналатын аймақтардың бірінші қабатта орналасуы эвакуация және төтенше жағдай кезіндегі тәуекелдерді азайтады.

Сауалда санитарлық талаптарға да ерекше көңіл бөлінген. Депутаттың айтуынша, ойын жабдықтарының тұрақты түрде залалсыздандырылмауы балалар денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондай-ақ, қызметкерлердің кәсіби даярлығы жеткіліксіз екені, бұл төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет етуге кедергі келтіретіні айтылды.

Баға саясатына қатысты да сын айтылған. Депутат кейбір ойын алаңдарында әлеуметтік осал топтарға жеңілдіктердің қарастырылмауы және қызмет құнының аймақтарға қарай 30–50% айырмашылықпен қалыптасуы нарықтағы ашықтықтың жеткіліксіздігін көрсететінін мәлімдеді.

Осыған байланысты депутат бірнеше ұсыныс енгізді. Атап айтқанда, ірі сауда орталықтарында балалар ойын алаңдарын тек бірінші қабатқа орналастыруды заңнамалық түрде бекіту, санитарлық тазалықты күшейту және тұрақты бақылау енгізу, қызметкерлерді міндетті оқытудан өткізу, сондай-ақ баға саясатын ашық реттеу және әлеуметтік жеңілдіктерді барлық өңірде біріздендіру ұсынылды.

Депутат Үкіметтен сауалға заңда белгіленген мерзімде жауап беруді сұрады.

Тэгтер:

депутат қауіпсіздік ойын алаңдары