Алматы облысының Полиция департаменті 12 сәуірде Гүлдала ауылындағы мейрамханалардың бірінде болған кісі өлтіру және бұзақылық фактілері бойынша екі қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында және дер кезінде таратылған бағдарламалар (ориентировкалар) арқасында 20 жастағы күдікті ұсталып, қамауға алынды. Сонымен қатар, бұзақылық дерегі бойынша тағы үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сондай-ақ сот шешімімен екі адамға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ белгіленді. Ал кәмелетке толмағанға қатысты қылмыстық қудалау органы қоғамнан оқшаулауға байланысты емес бұлтартпау шарасын қолданды. Сондай-ақ оқиғаға қатысы бар барлық куәгерлер анықталып, қылмыстық іс аясында жауап алынды», – деп хабарлады полиция.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын толық, жан-жақты және объективті зерттеуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Барлық тараптардың уәждері мұқият тексерілуде.
Тергеудің барысы Алматы облысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.