АҚШ-тың Техас штатында өткен Ironman триатлоны қайғылы оқиғамен аяқталды. Жарыс барысында бразилиялық спортшы әрі блогер Мара Флавия Араухо жүзу кезеңінде қаза тапты, деп turkystan.kz тілшісі Marca басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
38 жастағы спортшы бірнеше жыл бойы триатлонмен айналысып, салауатты өмір салтын насихаттап келген. Қайғылы жағдайдан бір күн бұрын ғана ол әлеуметтік желіде электролиттердің пайдасы туралы видео жариялаған.
Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, оқиға Ironman Texas жарысының жүзу кезеңінде болған. Құтқарушылар оның денесін бірнеше сағаттан кейін ғана тапқан.
"Бүгінгі жарыс кезінде қатысушылардың бірі қайтыс болғанын өкінішпен растаймыз. Марқұмның жақындарына қайғырып көңіл айтамыз", – делінген ресми хабарламада.
Қазіргі уақытта өлімнің нақты себебі анықталмаған. Дегенмен, шетелдік БАҚ спортшының жарыс алдында тұмау белгілерін сезінгенін жазуда. Бұл оның физикалық жағдайына әсер етуі мүмкін деген болжам бар.
Марқұмның досы Луис Тавейраның айтуынша, Мара сапар алдында өзін жайсыз сезінген.
"Біз оған жарысқа қатыспауға кеңес бердік. Бірақ ол бәрі жақсы екенін айтты. Тұмаудан әлсіресе де, жаттығуын тоқтатпады. Болған жағдайға әлі де сену қиын", – дейді ол.