Ақмола облысында 4 адам көз жұмған жол апаты: Жүргізушіге үкім шықты

Бүгін, 17:24 / Алуа Арман
istockphoto.com

Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жол қозғалысы ережелерін бұзып, абайсызда үш адамның денсаулығына зиян келтіріп, төрт адамның өліміне себеп болған Ш.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.

2025 жылдың тамызында «Астана–Петропавл» автожолында Ш. жолаушыларды А., С. және Б.-ны қауіпсіздік белдіктерін тақтырмай және міндетті сақтандыру шартысыз қалааралық тасымалдаумен айналысқан.

Ш. автожолда көлікті сағатына 100 км-ден жоғары жылдамдықпен басқарып, осы жол учаскесінде белгіленген (80 км/сағ) жылдамдықты асырған және ұялы телефонын пайдаланған.

Нәтижесінде, Ш. басып озу мақсатында қарсы қозғалыс жолағына шығып, жол қозғалысына қатысушыларға кедергі келтіріп, авариялық жағдай туғызған.

Ш. қарсы келе жатқан автокөлікпен бетпе-бет соқтығысу қаупін туғыза отырып, тоқтауға мүмкіндігі бола тұра қажетті шараларды қабылдамай, Т. жүргізіп келе жатқан автокөлікпен соқтығысқан.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан ауыр дене жарақаттарын алған қарсы автокөлік жүргізушісі Т. және оның үш жолаушысы Ж., Ф., Р. қаза тапты, ал Ш.-ның көлігіндегі үш жолаушы (А., С. және Б.) әртүрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алды.

Төрт адамның абайсызда өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасының себебі – жүргізуші Ш.-ның жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуы болды.

Сот үкімімен Ш. 5 жылға бас бостандығынан айырылып, 7 жылға көлік құралдарын басқару құқығынан да айырылды. Сонымен қатар, Ш.-дан төрт жәбірленушінің пайдасына, әрқайсысына 5-8 миллион теңге моральдық зиян өтемақысы өндірілді, сондай-ақ Ж. және К.-ның пайдасына соттағы өкілдік шығындары мен келтірілген материалдық залал өндірілді.

Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

Тэгтер:

Жол апаты Ақмола облысы жүргізуші үкім