Сүйіктісінің ізінен қалмай қойған Астана тұрғынына үкім шықты

Бүгін, 16:15 / Алуа Арман
istockphoto.com

Ер адам бірнеше ай бойы бұрынғы қызын қудалаған. Қылмыстық жауаптылыққа тартуға оның жүйелі түрде қоңырау шалуы, агрессивті хабарламалар жіберуі және қарым-қатынас тоқтатылғаннан кейін жеке кездесуге келуі себеп болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сотталушы 2025 жылғы қыркүйек айынан 2026 жылғы ақпан айына дейін жәбірленушіге 150-ден астам қоңырау шалып, балағат сөздер қолданылған мазмұндағы мазасыз хабарламалар жіберген. Кейін ол жәбірленушінің жұмыс орны сұлулық салонына келіп, жанжал шығарып, мүлікке зиян келтіріп, жәбірленуші мен оның отбасы мүшелеріне қатысты қорқыту сөздерін айтқан. Осының салдарынан елорда тұрғыны үнемі қорқынышта өмір сүруге мәжбүр болған.

Сот үкімімен кінәлі адамға 100 сағат қоғамдық жұмыстар түріндегі жаза тағайындалып, жәбірленушіні іздеуге, қудалауға және онымен байланыс орнатуға тыйым салатын ерекше талаптар белгіленді.

Сондай-ақ сотталушыдан 392 мың теңге көлемінде материалдық шығын және 150 мың теңге мөлшерінде моральдық зиян өндірілді.

 

Тэгтер:

үкім сталкинг