18 ай өмірі қалған: 7 жыл бойы вейп шеккен 22 жастағы қыз қатерлі дертке шалдықты

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Ұлыбританияның Манчестер қаласының тұрғыны, 22 жастағы Кейли Бодеге дәрігерлер өкпе обыры диагнозын қойып, 18 ай ғана өмірі қалуы мүмкін екенін айтқан. Бұл туралы Manchester Evening News хабарлады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қыздың айтуынша, ол вейпті 15 жасынан бастап шеккен. Соңғы жылдары бір реттік құрылғыларға көшіп, аптасына шамамен 600 рет тартатын болған. Алғашқы белгілер 2024 жылы байқалған: теріде бөртпе шығып, кейін қақырық, жөтел пайда болған. Уақыт өте келе қан аралас жөтел күшейген.

Бастапқыда дәрігерлер оған кеуде инфекциясы деген диагноз қойған. Алайда кейінгі тексерулер өкпеде күмәнді өзгерістер барын көрсетті. Бірнеше ай ішінде науқас жеті рет биопсиядан өткен. Алғашында обырдың бірінші сатысы анықталғанымен, операция кезінде оның үшінші сатыға өткендігі белгілі болды: ісік лимфа түйіндеріне таралған.

Кейлиге оң жақ өкпенің төменгі бөлігі алынып, химиотерапия жасалған. 2026 жылдың ақпанында ауру белгілері байқалмағанымен, көп ұзамай обыр қайта оралып, плевраға тараған.

Науқас бұл жағдайды вейппен байланыстырады. Дегенмен дәрігерлер нақты себепті атау қиын екенін, бірақ темекі мен вейптің денсаулыққа әсері болуы мүмкін екенін айтады.

Қазір Кейли Германиядағы клиникалық зерттеуге қатысу үшін қаражат жинап жатыр және жастарды вейптен бас тартуға шақыруда.

Тэгтер:

дерт қауіп вейп