Алматы жұртшылығы Мұхтар Шахановпен қоштасты

Бүгін, 15:00 / Інжу Әлихан
Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі. Сурет авторы: Мақсат Құсайын

Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, көрнекті ақын және қоғам қайраткері Мұхтар Шахановпен қоштасу рәсімі өтті. Ұлт рухының жыршысын ақтық сапарға шығарып салуға мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, замандастары мен ақын шығармашылығының қалың табынушылары келді. Бұған қоса, ақынмен қоштасуға Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды және басқа да мемлекет қайраткерлері келді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мемлекет басшысының көңіл айту жеделхатын оқыған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл қаза қалың оқырманның қабырғасын қайыстырған ауыр қаза болғанын атап өтті.

Сондай-ақ ақынмен қырғызстандық жазушы Шолпонбек Абыкеев қоштасып, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың көңіл айту сөзін жеткізді.

Қаралы жиынды жүргізген Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов Мұхтар Шахановтың қазаққа қалтқысыз қызмет еткен, руханиятқа өлшеусіз еңбек сіңірген сирек тұлғалардың бірі екенін атап өтті.

- Ол өткен ғасырдың сексенінші жылдары оқырман қауымға «Танакөз» поэмасымен танылып, әдебиетке ә дегеннен-ақ ерекше құбылыс болып енді. Бұл шығарма сол кездегі «Лениншіл жас» газетінде екі нөмірге толық жарияланып, оқырманға үлкен серпіліс әкелді. Содан бері Шаханов қазақ поэзиясының биік бір белесіне айналды. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы тұсында, қазақ жастарының тағдыры қыл үстінде тұрған шақта, Шаханов Мәскеуде үлкен поэзиялық кеш берді. Бұл – сол кездегі тоталитарлық жүйеге қарсы жасалған батыл рухани қадам еді. Ақынның бұл кеші бірнеше сағатқа созылып, ол жерде ұлт, ел, жер туралы өршіл жырларын оқыды. Бұл – Жамбыл Жабаевтың Кремльде қазақша жыр оқыған тарихи сәтінен кейінгі ірі поэзиялық оқиға ретінде бағаланды. Мұхтар Шаханов – Махамбет Өтемісұлынан кейін шындықты тайсалмай айтқан, ешкімнен қаймықпаған сирек ақындардың бірі. Оның азаматтық үні әрдайым халық жағында болды. Тайсалмады, тартынып қалмады. Егемендікке дейін де, егемендік жылдары да Ана тілінің айбынын көтеріп, абыройы үшін аз күрес жүргізбеді. Мұнысына мұқым қазақ куә. Сөйте-сөйте ұлтының асыл перзентіне айналып кетті. Марқұмның жаны жәннаттың төрінде шалқысын!, - деді Мереке Әбдешұлы.