Көкшетауда 170 млн теңге жымқырған шенеуніктер сотталды

Бүгін, 14:11 / Алуа Арман
istockphoto.com

2026 жылғы 20 сәуірде Көкшетау қаласының соты бюджет қаражатын жымқыру туралы қылмыстық іс бойынша үш айыпталушыға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Көкшетау қаласы әкімдігінің ТКШ бөлімінің бұрынғы басшысы, техникалық қадағалау өкілі және мердігер ұйымының басшысы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде алаяқтық), 361-бабының 4-бөлігі (лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану) және 218-бабы (қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру (жылыстату)) бойынша көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

Ақмола облысының арнайы прокурорлары жүргізген тергеу барысында 2020 жылы «Қопа»көлі жағалауындағы құрылыс кезінде топ мүшелері 170 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырғаны анықталды. Кейіннен жымқырылған қаражат заңдастырылған.

Кінәлі тұлғалардың әрқайсысы сәйкесінше 5 жыл 8 ай, 6 жыл 8 ай және 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Тэгтер:

Сот Шенеунік ақша жымқыру Көкшетау бюджет қаражаты үкім